Бағдат Мусин біле ме? Интернет іздеген ауыл оқушылары көпір жағалап жүр

15:39, 6 сәуір 2021

© Сурет: видеодан кадр

Жамбыл облысының Қостөбе ауылындағы оқушылар онлайн оқимыз деп көпір жағалап кетті. Себебі, интернет сол "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" трассасында ғана жақсы ұстайтын көрінеді. Көлігі бар тұрғындар балаларды ауылдан 3 шақырым жерге тасып, жыл бойы амалдап келіпті. Төзімі таусылған азаматтар жергілікті биліктен көмек сұрай шаршадық дейді. Себебі, қанша шағымданса да шенділердің қимылдайтын түрі жоқ, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Дидар Қилыбаев, Қостөбе ауылының тұрғыны:

Ауылда оқу қазір онлайн дейді. Онлайнды ауылдың шетінде 3 км жерде бір қыр төбе "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" трассасы бар ғой, соның мостына мініп балалар сабақ оқиды. Түнделетіп сол жақта отырады. Қағып кетсе, не істесе кім жауап береді?!

Иә, жауаптылардың жауабын сіз де, біз де талай естіп жүрміз. Үкімет отырыстарында Бағдат Мусин ғаламторды пайдалану үлесі ел ішінде 84 пайыз деп айтқан. Министр бұл цифрды қайдан алғанын қайдам, Тараздан таяқ тастам жердегі Қостөбенің күйі мынау. Ал тіптен жырақта жатқан ауылдар туралы мүлде жақ ашпай-ақ қоялық.

Ләззат Құдайбергенова, Қостөбе ауылының тұрғыны:

Құрғақ уәдемен шығарып салады, болды. Уже артта қалған ауыл болып отырмыз, шыны керек. Бізге ешқандай жағдай жоқ. Ешқандай ешкім көңіл бөлмейді. Келген әкімнің бәрі өз қалталарын ойлады. Бітті, кетеді сонымен.

Ләззат апайдың бұлайша күйінетін жөні бар. Онлайн оқуды былай қойғанда мұндағы орта мектептің де оңып тұрғаны шамалы өйткені. 50-шы жылдары салынған білім ордасы қазір құлайын деп тұр. Амалдың жоқтығынан, кейбірі тіпті балаларымыз білгенін ұмытып қалмасын деп, қаладан пәтер жалдауға мәжбүр болған.

Қайрат Дәуренбеков, Қостөбе ауылының тұрғыны:

Бәрі көшеде жүр. Сабақтың уақтысы қазір. Онлайн сабақ оқу керек олар. Интернет жоқ болғаннан кейін сабақ оқи алмайды. Міне, сандалып жүр қарашы, міне!

Көлқайнар ауылдық округінің әкімі желінің жайын беске біліп отыр. Мәселе былтыр шешілуі керек еді. Бірақ, жуырда байланыс операторларымен нақты жұмыстар атқарамыз деген уәдесін берді.

Асылбек Қонаров, Көлқайнар ауылдық округінің әкімі:

Тұғыр керек та, ол жерге 25 метр биіктікте орналасуы керек. Сол кезде жаңағы радиоволна бар ғой, соны ұстайды да. Сол арқылы үйлерге таратуға болады. Оны өткен жылы орындап тастауға болар еді, бір неге байланысты тоқтап тұрмыз. Жақын арада бұл мәселе шешіледі.

Ауылдықтарды алаңдатқан жалғыз проблема емес бұл. Электр сымдары үп еткен желге шыдас бермей, апталап жарықсыз отыратын күндер де көп болады дейді. Жаңадан төсеп берген асфальттың да әрі кете бастаған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!