Атырау облысының жиырма спорт дәрігері көмекке келді

19:18, 16 шілде 2020
142

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық аурухана жанындағы провизорлық стационарға көмекке келген облыстық спорт басқармасының жиырма медициналық мамандары және Атырау қаласының жастары бастаған еріктілермен кездесті деп хабарлайды облыстық коммуникациялар қызметі.

Атырау облысында 278 медициналық маман жетіспейді. Жылдар бойы келе жатқан олқылықты толыру үшін жергілікті әкімдік шұғыл шешімдер қабылдауда. Атырау облысының жиырма спорт дәрігері бұдан былай қажетті салаларда жұмыс істейтін болады. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов оларға ризашылығын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

Кездесу барысында аймақ басшысы ел басына күн туған қысылтаяң шақта алдыңғы қатарда жүрген волонтерлерге де алғысын айтты.

Қауіпті аймаққа қарамастан өздеріңіз қолдан келетін көмекті көрсетіп отырсыздар. Кислородты балон тасымалдау да оңай жұмыс емес. Қазір адамдар қарапайым ыстықтан қиналып жүрген кезде, сіздер осындай ауыр еңбекті атқарудасыздар. Биыл елімізде волонтерлер жылы болып жарияланды. Сіздің көмектеріңіз дәл уақытында жасалуда. Ел үшін, жұрт үшін, Атырау өңірінің тұрғындары үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз елімізге үлкен көмек. Бір-бірімізге жәрдемдесу, көмектесу арқылы бұл індетті де жеңеміз деп ризашылығын білдірді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Екі аптадан астам уақыттан бері көмек көрсетіп жүрген волонтер Мира Есниязова бастапқыда сыртқы жұмыстарды жасауға ғана ниеттенгенін айтады.

Қауіпті аймаққа кіреміз деген ой болған жоқ. Бірақ, науқастарға кислород балоны керек болып жатқанын естіген соң, жігіттеріміз қорғаныс киімдерін киіп, провизорлық орталыққа кіріп кетті. Кейін біз де атсалыса бастадық. Қазір ел үшін қиын кезеңде қарап отыра алмаймыз. Бірлесу арқылы, бір-бірімізге көмек жасау арқылы қиындықты еңсерерімізге сенемін дейді ол.

Еріктілердің жұмысының ауқымды бөлігін облыс әкімдігіне қарасты азаматтық орталық үйлестіріп отырады.

Айта кетелік, қазіргі уақытта Атырауға дәрігер мамандармен Ресей тарапынан көмек көрсетілуде. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласына уақытша сапармен келген ресейлік алты дәрігер Атырауға келген еді. Сонымен бірге, бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің бастамасымен Ресей елінің Астрахан облысынан бес дәрігер маман келді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір