Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өтетін болды

11:22, 3 қаңтар 2025

© Сурет: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстанда қандай іс-шаралар жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқияр­лықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды. Мен Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында Жеңістің мерейлі белесін атап өтуге дайындалу қажеттігін айттым. Сол кезде жариялаған бастамаларым қазірдің өзінде жүзеге асты. Мысалы, "Айбын" орденінің үш дәрежесі әйгілі батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталатын болды. Қазақстанның әуе қорғанысы күштерінің 604-әуе базасына әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің есімі берілді. Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз". Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің сөзінше, жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру.

"Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыс­тары жалғаса береді. Бауыржан Момышұлының – 115, Мәлік Ғабдуллиннің – 110, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді. Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз".Қасым-Жомарт Тоқаев

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!