Астанада тұрғын үйді арзан бағамен алып беремін деп 30 адамды алдаған күдікті ұсталды

15:15, 29 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz

Астана қаласында полицейлер азаматтарды алдап, ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен 51 жастағы елорда тұрғынын ұстады.

Тергеу мәліметінше, күдікті тұрғындардың сеніміне кіріп, оларға тұрғын үйді нарықтық бағадан төмен бағамен алып беруге немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана рәсімдеуге көмектесетінін айтып, ақшалай қаражаттарын иемденген.

Алаяқтықтың бір эпизодында ол жәбірленушіге пәтер алып беремін деген желеумен 1 млн теңге көлеміндегі қаражатты заңсыз иеленген.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында оның дәл осындай тәсілмен жасалған тағы 30 алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта аталған эпизодтар бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады.

Егер сізге тұрғын үйді нарықтық бағадан әлдеқайда арзанға алып беру, кезексіз рәсімдеу немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана алуға "көмектесемін" деген күмәнді ұсыныстар түссе, олардың заңдылығын міндетті түрде тексеріңіз.

Тұрғын үй мәселесіне қатысты мәмілелерді тек уәкілетті мемлекеттік органдар мен ресми ұйымдар арқылы рәсімдеп, бейтаныс адамдарға алдын ала ақша беруден сақ болған жөн.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!