Асанәлі Әшімов кезінде адамның аты-жөнін құжатқа бұрмалап жазғандарды сынға алды

11:17, 26 сәуір 2018

Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов кезінде адамның аты-жөнін құжатқа бұрмалап жазғандарды сынға алды, деп хабарлайды Today.kz.

Театр және кино өнерінің майталманы бұл туралы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрдағы "Театр көктемі-2018" фестивалінің ашылуында сөз қозғады.

Қазақстанның халық әртісі Әнуар Молдабековты еске алған Асанәлі Әшімов оның құжаттағы аты "Андрей" деп жазылғанын айтты.

"Әнуардың өмір жолы өте күрделі. Бұл өзі балалар үйінде болған жігіт. Аты кейінгі кезде Әнуар деп аталды. Паспорттағы аты Андрей. Орекеңдер балалар үйінде адамның атын өзгертіп жіберген ғой. Менің бір "Дәуітов" деген інім бар. Дәуіт деген қазақтың есімі ғой. Соны "Давидов" деп жазып жіберген. Осындайлар көп. Кезінде туу туралы куәлікке "Ж"-ның алдына "Д"-ны қойып жазып жібергендер көп", – деді Асанәлі Әшімов.

Қазақстанның Еңбек Ері адамның аты-жөнін құжатқа бұрмалап жазу мазақ ету екенін де айтып өтті. Алайда абыз актер соңғы кезде халықтың аты мен тегін құжатқа жөндеп жаздырып жатқанына қуанышты.

"Талай қисайтып жазғанды көрдік. Халық көп нәрсені түсінді. Ненің жаман, ненің жақсы екенін білді", – деді Әшімов.

Айта кетейік, Әуезов театрында өткізіліп жатқан "Театр көктемі" фестивалі биыл Қазақстанның халық әртісі, қазақ көрерменге "Қыз Жібек" фильміндегі Шегенің рөлімен танылған Әнуар Молдабековтың 80 жылдық мерейтойына арналып отыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!