Алматының Бостандық ауданында балалар алаңдары, техникалық тротуарлар және жасыл аллеялар көбейді

11:19, 19 желтоқсан 2024

© Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бостандық ауданында тұрғындардың өтініші бойынша жүзеге асырылған нысандарға арналған баспасөз туры өтті. Іс-шараға Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин қатысып, журналистерді көркейту жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды.

Баспасөз туры барысында қала инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген бес негізгі нысанға барды:

Алғашқы нысан Орбита-4 шағын ауданындағы (№6 және №7 үйлер арасындағы) жаяу жүргіншілер аймағы болды. Мұнда кеспе тас төсеу, асфальт және резеңке жабын салу, габиондар орнату, көше жарықтандыру жүйесі мен перголаларды орнату, тренажер, воркаут және балалар алаңдарын салу, сондай-ақ автосуару жүйесі мен бақша қоршауларын орнатып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

"Жергілікті тұрғындар жаңа алаңды көркейткені үшін алғыс білдірді. "Бастама көтерген тұрғындарға көп рақмет. Бұл біздің соңғы жобамыз емес, жұмыс жалғасады, көркейту үшін аумақтарды іздеп жатырмыз", – деді Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин.

Екінші жоба Орбита-3 шағын ауданындағы 52-үйдің жанындағы жаяу жүргіншілер аймағы еді. Мұнда кеспе тас, геотекстиль және асфальт жабындары төселді, көшенің жарықтандыру жүйесі мен перголалар орнатылды, балалар алаңы мен орындықтар қойылды.

Турға қатысушылар Жандосов көшесі, 34а мекенжайындағы балалар алаңына да ат басын бұрды.

Бұл жерде футбол алаңы жаңартылып, стритбол алаңы салынды, екі пергола, тренажер, воркаут және балалар алаңы орнатылды. Асфальт жабыны ауыстырылып, алты орындық пен алты қоқыс жәшігі қойылды.

Сондай-ақ, тұрғындар шахмат үстелі мен 250 метрлік көгал қоршауы үшін ерекше ризашылық білдірді.

Келесі нүкте әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесінің қиылысындағы техникалық тротуарларды көркейту еді.

Техникалық тротуарлар магистральды көшелерде орналасып, жердің сырғып кетуіне жол бермейді және қарды сапалы тазартуға көмектеседі. Сондай-ақ, бұл тротуарлар су бұру мәселесін шешіп, нөсер жауын кезінде тротуарлардың су басуына жол бермейді. Алматының құбылмалы климатында бұл аса маңызды.

Баспасөз турының соңғы аялдамасы Абай даңғылының бойындағы (Тұрғыт Озал мен Мұқанов көшелерінің аралығы) бөлінген жасыл аймақты көркейту жұмыстары жүргізілген нысан болды.

Аумағы 5,2 га болатын бұл аймақта соңғы рет көркейту жұмыстары 15 жыл бұрын жүргізілген.

Бұл жерде 120 жарық бағанын жаңарту, 110 орындық пен қоқыс жәшігін ауыстыру, 7020 м асфальт жабындысын алып тастап, 8000 м² кеспе тас төсеу, 10 шақырымдық суару жүйесін салу, жасыл желектерді санитарлық мақсатта кесу және көгалдандыру (1000 м қына ағаш, 2500 гүлдейтін бұта, 41 000 м² көгал) сияқты ауқымды жұмыстар жүргізілді.

"Бұл жобалар тұрғындардың ұсынысы мен идеясының арқасында жүзеге асты. Біз ауданымыздағы өмір сапасын жақсарту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз", – деді Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин.

Алматыда қалалық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жобалар қарқынды түрде дамып келеді. Бұл үдерісте "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы маңызды рөл атқарады. Оның көмегімен әр тұрғын ауданын жақсарту жұмыстарына тікелей қатыса алады. Бұл өз кезегінде қаланы өмір сүруге қолайлы әрі жайлы етеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!