Алматының Алмалы ауданында инженерлік желілерді жаңғырту басталады

11:58, 1 сәуір 2026

© Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алмалы ауданындағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жоспары туралы аудан әкімі Арман Шәмшин Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтты.

Оның айтуынша, ауданда ауланы көріктендірумен қатар, тозығы жеткен инженерлік желілерді кезең-кезеңімен жаңарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл көзге бірден байқала бермейтін, алайда тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылым.

Бүгінде аудан бойынша инженерлік желілердің тозу деңгейі жоғары: жылу желілері – 62,1%, сумен жабдықтау – 72,5%, су бұру – 79,2%, электрмен жабдықтау – 81%. Ең төмен көрсеткіш газ желілерінде тіркелген – 10,7%.

2026 жылға барлық бағыт бойынша кешенді жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, "Алматы жылу желілері" ЖШС 19 нысанда 8,8 шақырым жылу желілерін қайта жаңғыртады. Сумен жабдықтау және су бұру саласында "Алматы Су" МКК бес учаскеде жалпы ұзындығы 2,4 шақырым желіні жаңартады, оның ішінде 1,4 шақырымы – су құбыры, 1 шақырымы – кәріз желілері.

Электрмен жабдықтау бағытында да ауқымды жұмыстар көзделген: "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ 22 учаскеде 93,3 шақырым электр желілерін қайта жаңғыртады. Сонымен қатар газ инфрақұрылымы да жаңартылады — "QazaqGaz Аймақ" АҚ тоғыз нысанда 17,1 шақырым газ желілерін жаңартады.

Арман Шәмшиннің айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру инженерлік желілердің тозу деңгейін айтарлықтай төмендетіп, аудан инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!