Алматыда жауын-шашынға байланысты 85 жедел бригада кезекшілікке шықты

11:01, 27 қараша 2026
MKZ: 1580046

© Фото: Zakon.kz

Алматыда түннен бері жауын-шашын жауып тұр. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Жолдарды тазалауға жұмысшылар мен арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазгидрометтің" мәліметінше, жаңбыр түнгі сағат 01:30-да басталып, таңғы сағат 05:00-ден бастап әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан аудандарда қарға ұласқан. Күндіз негізінен жаңбыр жауып, сағат 19:00-ге дейін басылады деп болжанып отыр. Жауын-шашын мөлшері 15–17 мм болады, желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін. Ауа температурасы +5…+7 °C болады.

Қаланың жекелеген аумақтарын су басудың алдын алу үшін 85 жедел бригада кезекшілікке шықты. Олардың құрамында 1 579 жол жұмысшысы бар. 415 техника, 97 мотопомпа және құм толтырылған 5 мыңға жуық қап дайындалған. Су жиналуы мүмкін жерлерге су соратын көліктер қойылған.

Көктайғақпен күреске 200 жол техникасы дайындалған. Оның 185-і – құм шашатын көлік, 15-і – JetBroom машинасы. Қаланың жоғарғы бөлігіндегі жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр.

Қала бойынша тәулігіне 3 250 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмысқа шығады. Көшелер мен жолдардың тазалануын коммуналдық қызметтер тәулік бойы бақылайды.

Синоптиктердің болжамынша, 28 қарашаға қараған түні аздаған жауын-шашын болуы мүмкін. Ал 29 қарашада жауын-шашын күтілмейді.

Қала тұрғындары мен қонақтарына жолдар мен тротуарларда абай болуға кеңес берілді. Жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықты таңдап, алдағы көлікпен арақашықтық сақтау ұсынылады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!