Алматыда 18 жастағы науқастың жүрегіне күрделі ота жасалды

18:22, 6 наурыз 2026

© Сурет: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Алматы қаласының 18 жастағы тұрғынына жүректің туа біткен патологиясына байланысты жоғары технологиялық күрделі операция сәтті жүргізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, операция Ресей ғылым академиясының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Сергей Артеменконың қатысуымен өткен мастер-класс шеңберінде жасалды.

Пациент 2025 жылдың жазынан бері мазалап жүрген жүрек қағысының жиілеуі ұстамаларына, бас айналу мен бас ауруына шағымданып, клиникаға түскен. Эхокардиография, ЭКГ-нің холтерлік мониторингі және зертханалық талдауларды қамтыған кешенді тексеру барысында пациентте Вольф–Паркинсон–Уайт синдромының белгілері анықталды. Бұл — қосымша электрлік өткізгіш жолдың болуымен байланысты жүректің өткізгіштік жүйесінің туа біткен бұзылысы.

Пациент Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының жүрек ырғағы мен өткізгіштігі бұзылыстары бөлімшесінің интервенциялық аритмологы Бауыржан Ерболатовтың консультациясын алды. Консультацияның нәтижесінде жүрекішілік электрофизиологиялық зерттеу (ЖІЭФЗ) және қосымша өткізгіш жолға радиожиілікті абляция (РЖА) жасау үшін емдеуге жатқызу ұсынылды.

Бұл клиникалық жағдайдың ерекшелігі — қосымша өткізгіш жолдың жүректің негізгі өткізгіштік жүйесіне өте жақын орналасуы болды. Бұл ауыр асқынулардың, соның ішінде кенеттен жүректің тоқтап қалу қаупін айтарлықтай арттырған.

"Заманауи 3D-навигациялық жүйені қолдана отырып, мамандар жүректің толық картографиясын жасап, электроанатомиялық картасын құрды. Патологиялық өткізгіш жолға радиожиілікті абляция сәтті жүргізілді.Операция шамамен төрт сағатқа созылды. Бұл қосымша өткізгіш жолдың анатомиялық орналасуының күрделілігімен байланысты болды", - делінген хабарламада.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының жүрек ырғағы мен өткізгіштігі бұзылыстары бөлімшесінің меңгерушісі Бағдат Ахыттың айтуынша, мұндай араласулар жоғары дәлдікті және заманауи технологияларды қолдануды талап етеді.

Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақты: белсенді, бөлімше ішінде өздігінен жүреді. ЭКГ-нің бақылау холтерлік мониторингі жүргізілуде. Алдағы күндері пациентті ауруханадан шығару жоспарланып отыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!