Алматыда Құран оқытуға барған бозбала мешітте зорланды

11:28, 13 шілде 2021

© Сурет: иллюстрация үшін алынды

Алматыда Нұр-Мүбарак мешітінде 18 жасар бозбала зорланды. Құран оқытуға келген бозбаланы мешіт күзетшісі қолға түсіріп, тапа-тал түсте зорлаған. Белгілі адвокат Айман Омарованың айтуынша, азғын бозбаланы бес сағат бойы азаптаған, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.

Ал желі арқылы үн қатқан аталған мешіттің имамы Қайрат Жолдыбайұлы осы төңіректегі тәртіпке жауапты адамның мешітке еш қатысы жоқ деп мәлімдеді.

Адвокат Айман Омарованың айтуынша, зорлық оқиғасы осыдан бір ай бұрын орын алған. 6 маусымда мешітке Құран оқытуға келген бозбаланы күзетші ұстап алып, өзі отыратын жерге апарып, қол-аяғын байлап, аузын тұмшалап тастапты. Ұрып-соғып, содан кейін арам ойын жүзеге асырған. Ал қылмысын жасыру үшін барлық камераны айналып өткенге ұқсайды.

Айман Омарова, адвокат:

- Сексуальдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетеді. Далаға шығып келіп, осы әрекетін тағы қайталайды. Содан соң мешіттің үшінші қабатында дәрет алатын жерге апарып, жуындыртады.

Арам пиғылын жүзеге асырған азғын: "Шу көтерсең, өлтіремін" деп қорқытқан. Содан болар, бозбала болған жайды анасына бірден айта алмапты. Шешесі үстіндегі жарақаттарын байқап қалғаннан кейін ғана бастан өткенін жайып салады. Туыстары естіген бойда адвокаттарымен бірге полицияға шағым түсірген. Жәбірленуші қорлық көрсеткен адамды жазбай танып, оқиғаның қай жерде, қалай болғанына дейін көрсетіп берді. Азғынды көргенде бозбаланың тұла-бойы дірілдеп, бойын үрей билеген. Ал күдікті оны ала көзімен атып, сес көрсеткен.

Айман Омарова, адвокат:

- Бөлмені, оның ішіндегі үстелді көрсетті. Тергеушілер сұрап жатыр: "Қолыңды немен байлады" деп. "Жіппен байлады" деді. "Жіпті қайдан алды" деп сұрадық. Мына шкафтан деді. Шкафты ашсақ, расында оның ішінде жіп тұр.

Қайрат Жолдыбайұлы, мешіт имамы:

- Мына аумақ 6 гектар жерде орналасқан. Осындай үлкен аумақты күзету үшін Нұр-Мүбарак университеті арнайы лицензиясы бар күзет компаниясымен ақылы негізде келісім-шартқа отырған. Сондықтан бұл оқиға жауапкершілігі осы аталған агенттіктің жауапкершілігінде.

Бір белгілісі, күдікті 46 жаста екен. Қанша уақыттан бері жұмыс істейтінін күзет агенттігі ашып айтпады. Тек өз қызметкерінің кінәсіз екендігіне сенімді.

Скимен.kz күзет агенттігінің басшысы:

- Қылмыстық оқиғаның болмауына, сондай-ақ айғақты дәлелдердің жоқтығына байланысты қазіргі таңда Скимен.kz агенттігі қызметкерінің кінәсі дәлелденген жоқ.

Айман Омарова тағы бір деректің шетін шығарды. Қылмыс жасалған кезде оны өзге күзетші көріпті. Алдымен терезеден байқап, одан соң ішке кіріп, жәбірленушінің байлаулы жатқанын көрген екен.

Алматы қаласы ПД мәліметінше, қазіргі уақытта бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің "Сексуальдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері туралы" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Егер күдіктінің қылмысы дәлелденетін болса, онда ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!