Алматыда ер адам зейнеткер әжейді себепсіз ұрып кеткен

09:51, 24 сәуір 2026

© Фото: pexels

Алматы қаласында 2026 жылғы 23 сәуірде ер адам себепсіз зейнеткер әйелді аялдамада қатыгездікпен ұрып-соққан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ақпарат бейнебақылау камераларындағы жазбамен бірге әлеуметтік желілерде тарады.

"Бүгін Бостандық ауданында, Санаторий Алматы көшесінде анама – 66 жастағы зейнеткер әйелге белгісіз жас жігіт шабуыл жасады. Ол аялдамада автобус күтіп тұрған. Жігіт артынан келіп, еш себепсіз аяусыз ұра бастаған. Айналада адам азайған сәтті күткен. Қазір анам ауруханада. Жағдайы өте ауыр. Бұл видеоны көру қиын. Бірақ оны көру керек. Мен мұны қаралым үшін жариялап отырған жоқпын. Бұл туралы барынша көп адам білгенін қалаймын", – деп жазды жәбірленушінің қызы Threads желісінде.

Ол күдіктінің заң бойынша қатаң жазалануын талап етуде.

Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, аталған дерек бойынша Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.

"Қылмыс жедел түрде ашылды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаны жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Жазаның бұлтартпастығы – ішкі істер органдары жұмысының негізгі қағидаты. Зорлық-зомбылықпен байланысты кез келген құқықбұзушылық тоқтатылып, кінәлілер толық жауапкершілікке тартылады", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында күдіктінің бұрын адам өлтіру және денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері бойынша сотталған 25 жастағы ер адам екенін жазған. Сол кезде сот оның өз үйі мен отбасын қорғағанын ескеріп, қажетті қорғаныс шегінен асып кісі өлтіру және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша 2 жылға бас бостандығынан айырған.

Бұған дейін Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адамның қолына пышақ ұстап, өтіп бара жатқан адамдарды қуғаны туралы да хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!