Алматы облысының полицейлері жол-көлік апаттарының басты себептерін атады

20:13, 9 шілде 2020

Алматы облысының жол сақшылары 2020 жылы облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда орын алған жол-көлік оқиғаларына талдау жасап, көлік апаттарының басты себептерін анықтады, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы 6 ай ішінде облыста 800 астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 28,2 пайызға төмендеген.

"Автожолдардағы көлік апаттарының алдын алу мақсатында биыл орын алған барлық жол-көлік оқиғаларына толыққанды талдау жасалды. Талдау нәтижесінде көлік апаттарының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы. Жылдамдықты арттыру салдарынан 218 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 41 адам қаза болды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы, дұрыс маневр жасамау және жолдың қарсы бағытына шығу әрекеттері көлік апаттарын жасауға негізгі себептер тудыруда", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі полиция майоры Ақбота Қуанышбекқызы.

Жол ережелерін өрескел бұзған жаяу жүргіншілердің де, қозғалыс барысында жаяу жүргіншіге тиісті басымдық бермеген жүргізушінің де әкімшілік жауапкершілігі қаралатыны анық.

"Биыл жол ережелерін сақтамаған 7 429 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылса, 1200 астам көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіге басымдық бермегені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл арқалады", - деп толықтырды полицияның ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!