Алматы – Қаскелең тасжолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

13:37, 15 шілде 2026
MKZ: 1556241

© Фото: Zakon.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы – Қаскелең автомобиль жолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Бұл туралы 15 шілдеде Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Алматы және оған жақын елді мекен тұрғындарының жолдағы көлік кептелісіне қатысты шағымдарына назар аударғанын айтты.

"Президент жолды кеңейту жобасын дереу іске асыруды тапсырды. Осы аптаның соңына дейін мердігер техника мен жұмыс күшін толық жұмылдыруы қажет. Ал 20 шілде, дүйсенбі күні құрылыс жұмыстары басталуы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі қысқа мерзімде орындалуы керек", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр жобаның құны бекітілгенін және оның қымбаттауына жол берілмейтінін атап өтті.

"Жобаны іске асыру үшін сатып алынатын жер телімдеріне қатысты алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында олардың құнын 2026 жылғы 14 шілдедегі жағдай бойынша бекіту қажет", – деді Үкімет басшысы.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Алматы қаласынан Қаскелеңге дейінгі ұзындығы 8 шақырым болатын жол учаскесі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Жоба Қазақстанның Даму банкі арқылы қаржыландырылады.

Жоба аясында:

  • екі жолайрық салынады;
  • тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі бой көтереді.

Нәтижесінде аталған учаскенің өткізу қабілеті екі есеге артады. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, жолды пайдалануға беру 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мегаполиске тәулігіне шамамен 300 мың автокөлік кіреді. Қала ішіндегі көлік қозғалысын қоса есептегенде, тәуліктік трафик 1 миллионнан асады.

Оның айтуынша, Алматы – Қаскелең тасжолы Алматы агломерациясындағы ең жүктемесі жоғары бағыттардың бірі саналады. Бұл жолмен тәулігіне шамамен 60 мың көлік жүреді.

Сондай-ақ кеңесте Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (БАКАД) дейін ұзарту жобасы таныстырылды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан басталатын ұзындығы 32 шақырым болатын баламалы жолдың құрылысы басталғанын баяндады. Бұл жоба Алматы – Қаскелең тасжолындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Алматы агломерасындағы Алматы – Есік және Алматы – Талғар бағыттарындағы жол жобалары, рельсті көлік пен Алматы метрополитенін дамыту мәселелері қаралды.

Кеңес қорытындысында Премьер-министр Алматы агломерасының көлік байланысын кешенді түрде дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!