Алаяқтардың арбауына түспеу үшін: тұрғын үйді жалға алу кезіндегі сақтық шаралары

09:16, 26 маусым 2026

© Фото: unsplash

Қазақстан полицейлері тұрғын үйді жалға беру кезінде қолданылатын алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Абай облысы полиция департаменті азаматтарды интернет-алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақ болуға шақырды.

"Әсіресе әлеуметтік желілер мен хабарландыру сайттарында тұрғын үйді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жиі кездесіп жатыр", – деп ескертті тәртіп сақшылары.

Полицейлердің айтуынша, алаяқтардың әрекет ету тәсілі мынадай:

  • әлеуметтік желілер мен хабарландыру платформаларында демалыс үйлерін жалға беру туралы жалған хабарландыру жариялайды;
  • әлеуетті клиенттерге тұрғын үйдің "бос тұрғанын" айтып, тартымды фотосуреттер жібереді;
  • сенімге кіру үшін интернеттен алынған нақты мекенжайлар мен нысандардың суреттерін пайдаланады;
  • бронь қою үшін алдын ала төлем талап етеді;
  • ақшаны алған соң үйде жөндеу жүріп жатқаны, техникалық ақау шыққаны немесе басқа да сылтауларды айтып, тапсырыстың орындалмайтынын хабарлайды;
  • кейін байланысын үзіп, хабарсыз кетеді.
"Алаяқтар адамдардың демалысын тез ұйымдастыруға асығып, ақпаратты мұқият тексермейтінін пайдаланады. Соның салдарынан азаматтар қаржылай шығынға ұшырауы мүмкін", – деп ескертті полиция.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары мынадай сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

  • бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жасамаңыз;
  • тек ресми брондау платформаларының немесе сенімді агенттіктердің қызметіне жүгініңіз;
  • жалға берілетін нысан туралы ақпаратты тексеріңіз. Мекенжайды карта сервистері мен ресми дереккөздер арқылы нақтылаңыз. Егер күмән туындаса, бронь жасаудан бас тартыңыз;
  • фотосуреттердің түпнұсқалығын кері іздеу (reverse image search) арқылы тексеріңіз. Алаяқтар көбіне интернеттен алынған суреттерді пайдаланады;
  • байланыс деректеріне назар аударыңыз. Ресми құжаттардың болмауы және тек бір ғана телефон нөмірінің көрсетілуі күмән тудыруы тиіс;
  • тым арзан ұсыныстардан сақ болыңыз. Нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен баға көбіне алаяқтықтың белгісі болады.

Айта кетейік, Алматы облысында тәуліктік жалға берілетін тұрғын үйге қатысты 500-ден астам жалған хабарландыру бұғатталған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!