Президент: Газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, заман талабына сай дамып келеді

13:54, 25 маусым 2026

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде дәстүрлі медианың қоғамдағы рөлі әлі де маңызды екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, алдағы уақытта Парламенттің VIII шақырылымы өз жұмысын аяқтайды. Осыған байланысты қос палатаның бірлескен отырысына қатысып, тарихи кезеңде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым міндеттерді айқындайтынын жеткізді.

"Біз, Қазақстан халқы, жасампаз әрі озық ойлы ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Осы даңғыл жолда берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды күшейтіп, барлық мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүктелген жауапты миссияны тиімді атқару үшін халықаралық медиа кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруы қажет екенін айтты.

Президент цифрлық технологиялардың дамуы медиа саласына үлкен өзгеріс әкелгенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңалықтар порталдары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер ақпарат таратудың негізгі арналарына айналып, дәстүрлі баспасөз бен телевидениенің ықпалы өзгерді.

Соған қарамастан, Мемлекет басшысы дәстүрлі медианың маңызы төмендеді деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

" Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, сапалы сараптама ұсына алуында, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі ақпараттық кеңістікте үстірт контенттің көбейгенін атап өтіп, мұндай жағдайда сапалы әрі кәсіби журналистиканың құндылығы арта түсетінін айтты.

Президенттің пікірінше, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары алдағы уақытта да қоғам үшін сенімді ақпарат көзі әрі маңызды идеологиялық бағдар қызметін атқара береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!