Алаяқтар интернет арқылы жұрттың атынан несие алып жүр

09:18, 5 наурыз 2020
1517

Банк есепшотын және жеке сәйкестендіру кодын бөгде адамға айтар кезде сақ болыңыз! Елімізде, алаяқтықтың жаңа түрі етек жайып келеді. Әккі айлакерлер өз құрығына, кішігірім бизнесі бар, төлемді карта арқылы қабылдайтын кәсіпкерлерді түсіреді екен.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қазір интернеттің дамыған заманында, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың көбі төлемді карта арқылы қабылдайтыны белгілі. Дәл осы тәсілден зардап шеккендердің бірі Семей тұрғыны Меруерт Бауыржанқызы. Ол ақша аударымдарын жасау кезінде, алаяқтардың құрығына түскен. Айлакерлер, кәсіпкердің ЖСН-коды арқылы несие рәсімдеп жіберіпті.

Меруерт Бауыржанқызы, зардап шегуші:

"Менің счетыма 90 мың теңге мөлшерінде ақша салып жіберген байқаусызда деп жібереді. Сол басқа бір счетты сіздің счетыңызбен перепутали деп айтады маған. "Мен ол кісіге 78 мың 500 теңге мөлшерінде сол кісіге ақшасын жіберемін. Потом, біраз уақыт өткеннен кейін сағат 5 жарымның кезінде, маған қайтадан жазады Сізге 40 мың көлемінде тағыда ақша түсті. Сіз ренжімесеңіз, қайтадан оны лақтырып жібере аласыз ба, - дейді".

Ал, мұндай тәсілдің құрбаны болған келесі тұрғын, өз есімін жария етпеуді өтініп, бізбен телефон арқылы тілдесті. Айтуынша, оның да шағын бизнесі бар, әлдекімдер дүкенінен тапсырыс беріп, төлемді интернет арқылы жасаған. Қызық сол кезде басталыпты.

"20 мың теңгеден екі рет алынған, общий сумма 40 мың теңге болған. Соны енді, менің карточкамнан сол сумманы взыскать етпек екенін ұқтым. Потом сразу мен ертеңгі күні, кредитный история алуға барамын ЦОН-ға, қаламыздағы қағазымды алсам, расымен де екі кредит оформить етілген. 20-20 мыңнан екі рет запрос жіберілген".

Бөгденің атынан рәсімделген қарыздың мөлшері 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейін. Алаяқтардың құрбаны болғандар, өз атынан несие алынғанын сезбей де қалады екен. Тек, сот орындаушыларынан бір тілім қағаз келген уақытта алданғандарын түсініп бармақ тістейді. Мұндайда заң өкілдері тез арада құзырлы органдарға арыз жазып, қай банктен қарыз алынды сол мекемеден келісімшарт пен қол қойылған құжаттарды талап ету қажет, - дейді.

Абзал Бекбосынов, заңгер:

"Екінші деңгейдегі банк, яғни қайсы банктен несие рәсімделді соны білу керек. Біліп болған соң, ол жерден келісімшарт қағазын алу керек. Ол келісімшарт қағазында оның қолы тұр ма, қолы емес па соны анықтап, кейін Ұлттық банкке арызданып, және сонымен қатар құқық қорғау органдарына арызданып өзінің уәжін айтуға кеңес беремін. Өйткені, алаяқтар басқа да несиелер рәсімдеуі мүмкін".

Алаяқтықтың дәл осы түрі соңғы уақытта елімізде белең алып барады. Мәселен, биылғы жылдың екі айында осы сарындағы 1500-ден астам қылмыс тіркелген. Сондықтан, тұрғындарға өздерінің жеке мәліметтеріне мұқият болуға шақырады. Өзіңіз жөнінде кез-келген ақпарат алаяқтардың жымысқы әрекетіне жол ашуы мүмкін екен.

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ Криминалды полиция департаментінің аса маңызды істер жөннідегі аға жедел уәкілі:

"Биылғы жылы осы екі айда, ақпараттық жүйелерді пайдаланушыларға қатысты, яғни интернет алаяқтықтың 1500-ден аса түрі тіркеліп, оның ішінде несиелерді рәсімдеу яғни, өзгенің атынан несие рәсімдеу, микроұйымдар, банктер арқылы, несиені рәсімдеудің 400-ден астам түрі тіркеліп отыр".

Бір қызығы, әбден бұл тәсілді меңгеріп алғандар, несие рәсімделген уақытта жаңағы тапсырыс берген кәсіпкерлерге хабарласып есепшоттарына қателесіп, артығымен қаржы аударылып кеткенін, кері салып жіберуін өтінеді. Ал, құзырлы орган өкілдері дәл осындай жағдайға тап болсаңыз, дереу мән-жайды анықтап, полицияға хабар беруге кеңес береді. Өйтпеген жағдайда, біреудің алған ақшасын төлеуіңіз бек мүмкін.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!