Ақтауда әйел жалған жүктілік анықтамасымен әкімшілік қамаудан құтылмақ болған

11:16, 2 қазан 2026
MKZ: 1570098

© Фото: unsplash

Ақтау тұрғыны мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік қамауға алынбау мақсатында жүктілігі туралы жалған анықтама ұсынған. Алаяқтық прокурорлық тексеру барысында анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қадағалау органының мәліметінше, бастапқыда әйелді полиция қызметкерлері масаң күйде көлік басқарғаны үшін ұстаған. Заң бойынша мұндай құқық бұзушылық үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу және жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алайда істі бірінші сатыдағы сот қараған кезде әйел жүктілігі туралы медициналық анықтама ұсынған.

"Осы анықтама негізінде сот оны әкімшілік қамаудан босатып, қосымша жаза ретінде жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды. Ақтау қаласы прокуратурасының тексеруі барысында құқық бұзушы ұсынған анықтаманың жалған екені анықталды", – деп хабарлады прокуратура 2026 жылғы 1 қазанда.

Осыдан кейін прокурорлар Маңғыстау облыстық сотына наразылық енгізді. Жаңа мән-жайларды қараған жоғары тұрған сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, құқық бұзушыға 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Сонымен қатар бұл іс қылмыстық сипат алды. Жалған құжат жасау және оны пайдалану фактісі бойынша медицина қызметкері мен құқық бұзушының өзіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!