Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Бразилия «қара жәшіктерді» зерттеп болды

09:45, 7 қаңтар 2025

© Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Бразилия Әскери-әуе күштерінің авиациялық оқиғаларды тергеу және қамтамасыз ету орталығы Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі ұшақтың "қара жәшіктерін" ашып, жазбаларды оқуды аяқтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Бразилияның G1 порталына ведомстводағы дереккөздер жеткізген.

"Екі "қара жәшіктен" деректерді алу, жинау және тексеру аяқталды", – деп жазады басылым.

Материалдарды Бразилияның үш тергеушісі, сондай-ақ Әзірбайжан мен Ресейден келген агенттер талдағаны нақтыланады.

O Globo газеті атап өткендей, ведомство Қазақстан билігіне тиісті ақпараттарды жөнелтіп үлгерген. Ол авиациялық оқиға туралы қорытынды есепте жарияланады.

Айта кетсек, 2025 жылдың 4 қаңтарында Бразилияда мамандар Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың борт жазбаларын зерттеуге кірісті. "Қара жәшіктерді" Қазақстан Бразилияға 2024 жылғы 30 желтоқсанда жөнелтті. 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында ұшақ құлады. Бортта 67 адам болды, олардың 29-ы аман қалды. Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев құлаған ұшақтың жолаушыларын құтқару кезінде батылдық пен кәсібилік танытқан Қазақстан азаматтарының бір тобын марапаттады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!