Айына 441 мың теңге және тегін оқу: Қазақстандық студенттерге жақсы жаңалық

15:24, 11 тамыз 2026
MKZ: 1560739

© Сурет: pixabay

2026 жылғы 11 тамызда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сай, қазақстандық студенттер 2027 жылдан бастап Жапонияда тегін білім алып, шәкіртақы алады, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Tokyo Metropolitan University (TMU) шетел азаматтарынан Tokyo Global Partner Scholarship Program (Tokyo GP) стипендиялық бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдайды. Бағдарлама талантты студенттерге Жапонияда магистратура немесе докторантурада білімін жалғастыруға мүмкіндік береді".

Бағдарлама әлемнің түкпір-түкпірінен студенттерді тартып, халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Министрліктің мәліметінше, Tokyo GP бағдарламасы аясында:

  • оқуға түсуге арналған емтихан ақысы, қабылдау жарнасы және оқу ақысы толықтай өтеледі;
  • халықаралық әуе билеттерінің шығыны төленеді;
  • ай сайын 150 мың жапон иенасы, яғни, шамамен 441 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі.

Оған Азия елдеріндегі TMU-мен серіктес университеттерде білім алып жатқан студенттер, сондай-ақ Азия елдеріндегі ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және компаниялардың қызметкерлері қатыса алады.

Білім беру Science, Urban Environmental Sciences, Systems Design, Human Health Sciences және басқа да бағыттар бойынша жүргізіледі. Кейбір бағдарламалар тек жапон тілінде оқытылады.

Бағдарламаға қатысу үшін:

  1. Tokyo Global Partner Scholarship Program-ның ресми сайтына тіркелу.
  2. Қызығушылық танытқан бағытқа қарай Tokyo Metropolitan University-дің Graduate School бөлімін таңдау қажет.
  3. Магистратура немесе PhD деңгейіндегі білім беру бағдарламасын таңдау керек. (Магистратураға түсу үшін бакалавр дәрежесі, ал докторантураға магистр дәрежесі қажет).
  4. Tokyo GP бағдарламасының талаптарына сәйкестігін тексеру қажет.Үміткердің GPA көрсеткіші кемінде 2,30 болуы тиіс. Сонымен қатар ағылшын тілін CEFR B2 деңгейінде немесе одан жоғары меңгергенін тиісті құжатпен растауы қажет. Ал жапон тілін білетіндер үшін JLPT N2 немесе одан жоғары деңгей талап етіледі. Сондай-ақ бағдарламаға қатысты аумақтық және серіктестік талаптарға сай болуы қажет.
  5. Таңдалған Graduate School бөлімінің Application Guidelines құжатымен танысып, қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсыру керек.
  6. Тиісті Graduate School іріктеуінен және қабылдау рәсімінен өту қажет.
  7. Іріктеуден сәтті өткен жағдайда шәкіртақы тағайындалады. Tokyo GP бағдарламасы аясында оқу ақысын, қабылдау және емтихан жарналарын төлеуден босатып, ай сайын 150 мың иена көлемінде шәкіртақы беруді, сондай-ақ Жапонияға бару және оқу аяқталғаннан кейін елге қайту әуе билеттерінің ақысы өтеледі.

Сонымен қатар университет студенттерге баспана іздеуге де көмектеседі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қаржыландыру магистратура бағдарламалары үшін екі жылға дейін, PhD бағдарламалары үшін үш жылға дейін беріледі.

Оқуға құжат қабылдау 2027 жылдың 1 сәуірінен басталады.

Ал құжат тапсырудың нақты мерзімі таңдалған Graduate School бөліміне байланысты тиісті Application Guidelines құжатында көрсетіледі.

Бағдарламаға қатысу шарттары, білім беру бағдарламалары және өтінім беру тәртібі туралы толық ақпарат Tokyo Metropolitan University-дің ресми сайтында жарияланған.

Айта кетейік, 7 тамызда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімін жариялаған болатын. Оның ішінде 75 мыңнан астам талапкер Қазақстандағы жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!