Аймағамбетов ұстаздардың жалақысын 10 қаңтарға дейін өсіруді тапсырды

16:29, 14 қазан 2019

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоға бағынышты мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларына мұғалімдердің жалақысын 30 проценттен 50 процентке дейін көтеруді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Достар, Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру және педагогтерді қолдау жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырма аясында министрлік мемлекеттік ЖОО ректорларына ЖОО оқытушыларының еңбекақыларын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін 30-дан 50% - ға дейін арттыру міндетін жүктеді", деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, бұл шешімнің нақты негіздері бар.

"Біз жоғары оқу орындарының бюджеттеріне талдау жүргіздік. Ол еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтердің бар екендігін көрсетті. Бүгінде бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алатын жағдай қалыптасқан. Мұндай саясатпен сапаны талап ету мүмкін емес. ЕҰУ, Каспий университеті мен Тараз педагогикалық университеті сияқты жоғары оқу орындары жалақыны қазірдің өзінде көтеруді бастады. Қалған мемлекеттік ЖОО менің тапсырмамды міндетті түрде орындаулары тиіс", - дейді ол.

Сонымен қатар, министр ректорлардың алдына ЖОО-да жұмыс істейтін академиктерді арнайы қосымша ақылар белгілеу арқылы қолдау міндеті қойылғанын да жеткізді.

"Жоғары оқу орындарында академиктер көп емес, сондықтан біз өзіміздің ғылыми элитамызды қолдауға міндеттіміз. Бұл шаралар мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат пен өзге де күш-жігерді қажет етпейтінін ерекше атап өткім келеді. Барлығы қолда бар мүмкіндіктердің шеңберінде. Жас ғалымдарды қолдау тетіктері де болашақта қарастырылатын болады" деп сөзін түйіндейді министр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!