Адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге тыйым салынбақ

14:38, 24 қараша 2017

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев діни радикалдар мен лаңкестердің қауіп-қатерін азайту үшін Еуропа елдері тәжірибесін қолдануды ұсынды. Бұл туралы ол “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына арналған брифингте мәлімдеді, - деп xабарлайды Baq.kz.

«Біз еуропалық тәжірибені мұқият зерттедік. Соңғы жылдары Еуропа елдерінде діни радикалдар мен лаңкестердің қауіп-қатерін айтарлықтай азайтқан бірқатар тиімді шаралар қабылданды. Біздің заңнамамызда әлі күнге дейін радикалды діни ағымның нақты анықтамасы жоқ. Сондықтан заң жобасында еуропалық тәжірибені ескеріп, заңнамаға осындай нормаларды енгізу керек деп шештік», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға, киюге және таратуға, сондай-ақ, олардың идеологиясын насиxаттауға тыйым салуды көздейтін нормалар бар.

«Никаб, чадра, паранджа және бетперделер сияқты киімдерді кию жеке тұлғаны сәйкестендіру кезінде құқық қорғау органдарына кедергі келтіреді, сонымен бірге қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шаралардың тиімділігін төмендетеді. Бұдан бөлек, біздің қоғам үйренбеген және көпшілікті бұл ашық түрде алаңдатады. Адамды сәйкестендіруге мүмкіндік бермейтін киімдерді киюге тыйым салмақшымыз. Бұл нормаларды әзірлеген кезде азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылардың пікіріне құлақ астық. Сарапшылар азаматтардың қауіпсіздігі үшін осындай шаралар енгізу міндетті деген қорытындыға келді», - деді Нұрлан Ермекбаев.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы аясында 3 Кодекске және 9 Заңға 53 түзетулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

«Жалпы алғанда, заң жобасының барлық нормалары діни тұрақтылықты нығайтудағы жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл басымдықтар мемлекет үшін де, діни бірлестіктер үшін де бірдей саналады», - деп түйіндеді сөзін ол.

Фото: baq.kz

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!