15 сәуір - Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні: мөлдір махаббат тарихы

09:57, 15 сәуір 2024

© Сурет: Zakon.kz

15 сәуір - ғашықтар күні. Шамамен осыдан он жыл бұрын, елімізде "Әулие Валентин" күні жүректері махаббатқа толы жандардың төл мерекесі болса, бүгінде бұл мейрам артта қалып, сәуірдің шуақты күндерімен қатар келген, "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" күнін тойлау белең алып келеді.

Олай болса, осы мерекеге арқау болған Қозы Көрпеш - Баян Сұлудың тағдырынан сыр шерте отырайық.

Жыр тарихы

Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, қуанышы қойнына сыймай дәп сол мезетте қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен бір-біріне ынтық болатын. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.

Әлкей Марғұлан "Мәңгілік жыр" деп атаған бұл жыр қазақ халқының төбеге көтерер мақтанышы, қос жүректің ұраны іспетті.

Жыр трагедиямен аяқталса да, оның мәні ғашықтардың бір-бірінің жолында қаза тауып, махаббатқа адал болуында. Осы тұрғыда, журналист, әлеуметтанушы Нұрлан Наурызалиевтің айтуынша, "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін" тек трагедиямен байланыстыра бермеу қажет.

"Тарихта Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жырларының тууында әлеуметтік мәселелер мен ата-ананың, басқа да адамдардың араласуымен пәк сезімді жастардың бір-біріне қосыла алмаған, қайғылы жағдаймен аяқталған. Демек, бұл сол кезеңнің өзінде бір-бірін өліп-өшіп сүйген жандардың болғанын көрсетеді. Ал, олардың қосылып бақытқа кенелгені қаншама. Тек осындай трагедиямен аяқталған оқиғаларды есте сақтап қалғанбыз. Жалпы менің ойым, біздің жастар қай күні өз махаббатын жолықтырса, сол күні "махаббат күні" деп айтар едім. Сол күнді ғашығымен жыл сайын атап өтсе болады. Әрине, өмір жолдары түйіссе", - дейді ол.

Сонымен қатар ол, ғашықтар мерекесінің көктемде аталып өтілуінің де өз себебі бар екенін айтты.

"Ұлы дала қашаннан көктемде қызғалдаққа толы болған. Міне, осы мезгілде ел қыстаудан көктеуге, одан жайлауға көшкенде жастар танысып, табысып жатады. Сонда қырдың қызғалдағын сүйгеніне сыйлау ықылым заманнан бері болған дәстүр."Нұрлан Наурызалиев

Қосылмай кеткен ғашықтар, Шығыс Қазақстан облысындағы Таңсық ауылы маңындағы кесенеге жерленген деген мәлімет бар.

1982 жылы қабір үстіндегі кесене тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.

2013 жылы Аягөз қаласында қос ғашықтың құрметіне ескерткіш орнатылды.

2022 жылы мерекеге орай, "Астана Балет" театры Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу аңызын көрсетті. Театр бұл жырды Қазақстанның таңғажайып табиғаты аясында түсірілген қысқа балеттік эскиз түрінде ұсынды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!