35 мың қазақ жұмыс іздеп, Кореяға қаңғып кетті

12:23, 2 сәуір 2021

© Сурет: yvision.kz

Жұмыс іздеп, Оңтүстік Кореяға кеткен қазақстандықтар саны 35 мыңнан асты. Оның 12 мыңға жуығы Корей түбегінде заңсыз жалданып, нәпақасын тауып жүр. Еңбек мигранттарының басым бөлігін еліміздің оңтүстігінен барғандар құрайды екен. Олардың жат жерде құқығы тапталып, қауіпсіздігіне зиян келіп жатқан оқиғалар да жиілеген. Осыған алаңдаған депутаттар бастама көтерді. Халық қалаулылары отандастарымыздың заңды түрде жұмыс істеуіне жағдай жасау керек дегенді алға тартты.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Оңтүстік Кореяға табыс табуға барған отандастарымыздың бірі - Айдос. Ол екі жыл Сеулде заңсыз еңбек етіп келген. "Таңғы жұпар" еліне қыдырып барып, сонда қалып қойыпты. Бүгінде елге оралып, ресми түрде қызмет істеп жүр. Ондағы жұмыс күші жайлы толық айтып беруге келіскенімен түрін көрсетпеуді өтінді.

Айдос, Кореяда жұмыс істеп келген азамат:

Қазақстандықтарға Кореяда еңбек визасын алу өте қиын. Мен Сеулге екі бағытқа билет алып, турист ретінде бардым. Шет мемлекетте табыс жақсы болған соң, сонда жұмыспен қалып қойдым. Салыстырмалы түрде айтсам, егер елімізде құрылысшы болып істесең ең жоғары жалақы 400 мың теңгенің шамасында. Ал, Кореяда дәл сол жұмыста айына 1,5-2 млн теңге табыс табуға болады.

Соңғы жылдары Айдос секілді басын қауіп-қатерге тігіп, шекара асатын отандастарымыздың қатары күрт артқан. Кореяға жерлестеріміздің басым бөлігі, қарыздарынан құтылуға баратын көрінеді. Мәселен, тағы бір кейіпкеріміз Самат та 5 жыл бұрын Көкшетаудан барыпты. Қазір, ол құрылыс саласында еңбек етеді. Осынша уақыттан бері табысына қызығып жүр екен. Бірақ, туған жерден жырақта жүрген азамат, елді сағынғанын айтады.

Самат, Кореяда жұмыс істеп жүрген азамат:

Корея мемлекетінде жүргеніме 5 жылдан астам уақыт болды. Осы мемлекетке келу мүлде ойымда болмаған. Өйткені, елде жүрген уақытта кішкене қиын жағдайлар болып қалды. Кредит бар білесіздер. Барлығымыздың басымызда кредит деген пәле бар. Сол ғой негізі адамды іштей жейтін. Жарты жыл, бір жылдың ішінде осы уақыт аралығында елге қайту жоспарым бар.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2014 жылы Оңтүстік Кореяға бар-жоғы 359 отандасымыз заңсыз жұмыс істеуге аттанса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 12 мыңға жетіпті. Олардың көбі 20-35 жас аралығындағы еңбекке белсенді азаматтар екен. Бірақ, жат елде жәутеңдеп жүрген қаракөздеріміз басы ауырып, балтыры сыздаса медициналық көмекке де жүгіне алмайды. Белгісіз дерттен қайтыс болған жандар да жетерлік мұнда.

Диана Сағиева, блогер:

Кореяда еңбек етіп жүрген отандастарымызда ешқандай көмек жоқ. Жұмыс берушілердің заңсыз еңбек мигранттарына дұрыс қарамайды. Басшылары алдауы мүмкін, ақшаны дұрыс төлемей қояды. Визамен жүрген адамдарға қарағанда олар аз табыс табады.

Депутаттар Кореядағы отандастарымыздың мәселесін реттейтін уақыт әлдеқашан келді, - дейді. Себебі, қомақты қаржыға алданып, шетел асып жатқан қазақстандықтардың легі қазір басылатын түрі жоқ. Қарапайым мысал, 2019 жылдың өзінде жат жерде жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз елге 105 млн доллар аударыпты.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің азаматтарымыз үшін жасырын еңбек етуге тартымды елдердің қатарында Оңтүстік Корея. Бұл елге қазақстандық азаматтар заңсыз еңбек ету үшін, соңғы 6 жыл бойы туристік визаны арқау етіп жасырын барады. Бұл елде жасырын еңбек ететін азаматтарымыздың құқықтары мүлдем қорғалмаған. Кейбір отандастарымыз ауру мен жарақаттан қайтыс болады.

Айта кетейін, 15 мемлекет Оңтүстік Корей елімен еңбек миграциясын реттеген. Ол тізімде Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Моңғолия да бар. Ал, біздің тарап қандай шешімге келетіні бір айдың көлемінде белгілі болады. Бұл мерзімді сыртқы істер министріне сауал жолдаған депутаттар белгіледі. Осы уақыт аралығында миграция жайлы маңызды құжат қабылдануы тиіс. Ал, Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың жағдайы қашан жақсарады деген сұраққа әзірге жауап беру қиын. Себебі, ол күрделі мәселенің оң шешім табуы екінші тарапқа тікелей байланысты.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!