37 қылмыстық іс және 104-тен астам нысан: Қазақстан Қорғаныс министрлігін тексеру қашан аяқталады

10:54, 6 қараша 2026
MKZ: 1576266

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақстан Қорғаныс министрлігіндегі (ҚМ) жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия аралық қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 6 қарашада Ақорда сайтында жарияланған ақпараттан белгілі болды.

"Тексеру жұмыстары Қорғаныс ведомствосының 104-тен астам нысанын қамтыды. Қазіргі уақытта бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне аудит жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әскери қызмет өткеруге тиісті жағдай жасау, азық-түлікпен және киім-кешекпен жабдықтау сапасы, медициналық көмек көрсету және мемлекеттік мүліктің сақталуы мәселелеріне басымдық берілуде", – делінген хабарламада.

Анықталған жекелеген заңбұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғаны атап өтілді.

"Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Тергеу мүддесіне байланысты бұл істер туралы мәліметтер әзірге жария етілмейді. Тексеру "Заң мен тәртіп" қағидатын сақтай отырып жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты – Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету және әскери тәртіпті нығайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлеу", – деп хабарлады Ақорда.

Сондай-ақ комиссияның ұсынымдары Әскери реформалар жоспарын іске асыру барысында ескеріліп жатқаны айтылды.

"Комиссия жұмысы биыл қараша айында аяқталады", – делінген Ақорда сайтындағы ақпаратта.

Еске салайық, 2026 жылғы 26 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен ҚР Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрылған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!