Сезімнің өшкенін мынадан білесіз

22:10, 24 мамыр 2017

Махаббат көзден ғайып болса, кім кінәлі? Ерін сыйлай алмаған нәзік жанды ма, әлде төзімсіз ер ме? Әркім өз көзқарасын дұрыс деп есептейді. Есіңізде болсын, кінә ешқашан бір тараптан болмайды...

Бір-бірін іздемейді

Бір көрмесе тұра алмайтын жандар сәл кешіксе не болмаса түрлі сылтаумен келе алмайтынын айтса, күдік туады. Алғашқы сәтте түсіністік танытып, "шындығында да босамай жатқан болар" деп пішіп қояды. Ал кейінгілері ше? "Көзден кеткен соң, көңілден кетедіге" салынып, ара да суиды. "Кездеспегенімізге неше күн болды?" деген әңгіменің арты жақсылыққа апармайды. Мұндай жағдайда әңгіменің ашығын айтып, кімнің көңілі суығанын, оған не түрткі болғанын түсіндіріп, «ақылды» адамдарша сөйлескен абзал. Бір-бірін іздемейтін адамдардың бір-бірін текке ұстап жүргені – бекер. 

Мінез көрсетеді

Ұйқының қанбауы, жұмыстағы сәтсіздік, айналадағы адамдардың жағымсыз сыны психологиялық денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Іштегі агрессияны тысқа шығарамын деп жүріп, сүйіктісіне сес көрсетіп қалатындар бар. «Таз ашуын тырнадан алады». Сыңарының қолдауына көз жұма қарап, аталған қиындықтарды арзан ойын-сауықпен жеңемін дегеннің махаббаты ұзаққа созылмасы анық. Егер сіздің тараптан барлық қолдау-көмек көрсетіліп, одан жылы жауап қайтпаса, өзі білсін. Ол сіздің қолдауыңызға мұқтаж емес екен, жан рахатын жаман әдеттерден (шылым шегу, ішімдік ішу) алса, ондай адамды ұстап тұрудың да қажеті шамалы. 

Махаббаттан қуаныш ала алмайды 

Ғашықтар махаббаттан қуаныш, ләззат, сыйластық алу керек. Егер мұндай сезімдер қорқыныш, күйзеліс, өкініш, сенімсіздік, уайым, жүйкенің тозуы секілді жағымсыздармен алмасса, олар уақыт ете ғашықтар тізімінен сызыла бастайды. Бір-біріне ақ адал сезім, лайланбаған махаббат сыйлай алмаса немесе бірінің ауырып жатқаны екіншісін аса қызықтырмаса, мұны махаббат деу – бос әуре. 

Бірге мақсат құрылмайды 

«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Бірге жүргенде ғана іс оңалады, мәселе, уайым тең бөлінеді. Ал «аққу, шортан һәм шаян» болып екеуі екі жаққа тартса, әңгіме бөлек. Бұл жерде қазіргі кезде көп адамның көркін өшіретін «бір қағидамен жүру» деген түсінікке мән беру керек. Бірінің ойын бірі қолдамай немесе бір екіншісінің қателіктерін түзеп отырса, ол өзінікін дұрыс деп отырса, жағдай қиын. Ғашықтар болашаққа бір көзбен қарауы тиіс. Бір мақсат, бір отбасы, бір махаббат. Осы үш тағанды берік ұстаса, сезім оянады. 

Жалғыздықтан рахат алады 

Адам кенет өз кеңістігіне ешкімді кіргізбей, бөлектеніп алса, күдік туады. Бірге жүргенге қарағанда оқшау жүргенді, бірге қыдырғанға қарағанда бөлек қыдырғанды ұнататын екеудің айтарға әңгімесі таусылған. Әлемнің әдемілігін бірге көріп, қуанышты екі еселеген артық емес пе? «Жалғыздың аты, жаяудың шаңы шықпайды». Жалғыздықта жүру құлай сүйген екі жасқа тән емес.
 

Дереккөз: massaget.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!