Онлайн-несие: пайдасы мен зияны

19:12, 21 шілде 2017

Соңғы уақыттарда ғаламтор арқылы несие рәсімдеуге сұраныс артқан.

Қазақстандықтар «аз ақша ғой» деп, қызметін онлайн жүйеде ұсынатын ұйымдарға жиі жүгіне бастапты. Бұл, бір жағынан, ыңғайлы, бірақ пайызы өте жоғары.

Соңғы мәліметтер бойынша, 130 мың қазақстандық онлайн режимде микронесие рәсімдеген. Ал жасалған келісімшарттар саны 650 мыңға жеткен. Демек осы әдіспен бір рет несие алған азаматтар одан кейін де бірнеше рет шағын несие беретін ұйымдардың қызметін пайдаланған. 

Әсем Нұрғалиева, «Бірінші несие бюросының» бизнесті дамыту бойынша директоры:

- Егер сізге айлық жалақыңызға дейін 20 мың теңге жетпей қалса, оны сіз қарызға аласыз. Демек келесі айда да дәл осы көлемдегі ақша жетпей қалады. Тағы да қарыз алуға тура келеді. Бұл – адамдардың психологиясы. Әр айдың 25-сінен кейін коммуналдық төлем, балабақшаның ақысын беретін уақыт келіп қалады. Ал ол кезде жалақы бітуге таяған. Сондықтан адамдар несие алу үшін ғаламторға жүгінеді.

Қаржыгерлер арасында «Жалақыға дейінгі несие» нарығы аталып кеткен бұл жүйе қазір қарқын алып келеді. Онлайн-несиенің жалпы қаржы қоры 16,5 млрд теңгеге жеткен. Орташа несиенің көлемі – 33 мың теңге. «Бірінші несие бюросының» зерттеуінше, тұтынушылар арасында қарызын қайтара алмай жүргендер аз. 

Әсем Нұрғалиева, «Бірінші несие бюросының» бизнесті дамыту бойынша директоры:

- Егер тұтынушы 20 мың теңге алып, оны қайтармаса, кешіктірген уақыты оның несиелік тарихына жазылады. Болашақта, мәселен, бір жылдан соң клиент ипотекалық несие рәсімдегісі келсе, 20 мың теңгені төлеуді кешіктіргені үшін басқа қаржылық институттарға жол жабылады. Сондықтан төлемді кешіктіру олар үшін тиімсіз. 

Онлайн қаржы аз көлемде әрі жылдам беріледі. Оның үстіне 20-30 мың теңгені ірі банктерден несиеге ала алмайсыз. Немесе қалыптасқан құжаттарды жинауды талап етуі мүмкін. 

Бір айта кетерлігі, онлайн несиенің сыйақы мөлшерлемесі күн сайын есептеледі. Егер бір жылға есептесеңіз, пайызы аспандап шыға келеді. 

Айта кетейік, онлайн қаржы ұйымдарының қызметі жеке заңнамамен реттелмеген. 

Данияр Сүтжанов, ҚР Ұлттық банкі сыртқы коммуникация бөлімінің басшысы:

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, онлайн-несие беретін ұйымдардың жұмысы Ұлттық банк тарапынан реттелуге жатпайды. Мұндай компаниялар өз қызметтерін азаматтық заңнамаларды негізге ала отырып іске асырады. 

Қазіргі уақытта Ұлттық банк қарқын алып келе жатқан бұл қаржы нарығын зерттеп, сараптама жасауда.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Татьяна Напольская, Мухит Кудыкбаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!