ЕАЭО-ға мүше емес елдердің көліктері Қазақстаннан кетуі тиіс

12:46, 9 тамыз 2021

© Сурет: Павел Михеев / zakon.kz

ҚР ІІМ-нің "Елдегі жол қозғалысы қауіпсіздігінің жай-күйі" тақырыбында өткен брифингі барысында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Қазақстанда жүрген шетелдік нөмірлі автокөліктер туралы айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Спикердің сөзінше, кедендік заңнамаға сәйкес, шетелдік азаматтар ЕАЭО-ға мүше емес елдерде тіркелген автокөліктерді Қазақстанға және ЕАЭО елдеріне кедендік баж төлемей уақытша әкеле алады. Бұл құқықты негізінен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік азаматтар пайдаланады.

- 2020 жылы және ағымдағы жылы мемлекеттер арасындағы шекаралар жабылғанын ескерсек, шетелдік азаматтар уақытша әкелінген автокөліктерді ЕАЭО аумағынан шығара алмады. Осыған байланысты, ЕАЭО аумағында шетелдік автокөліктердің болу мерзімі Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесімен 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, елімізде ЕАЭО-ға кірмейтін елдердің 3 мыңға жуық шетелдік автокөлігі бар, олар Қазақстанда болу мерзімі аяқталғаннан кейін елден шығарылуы тиіс. Осылайша, ЕАЭО-ға мүше емес елден автокөлік әкелген шетелдік азаматтар үшін 30 қыркүйекке дейін мерзім берілген, деді ол.

Түсіпов хабарлағандай, шетелдік автокөліктерді Қазақстан азаматтарының пайдалануына келсек, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден әкелінген көліктер бойынша, оларды пайдалану тәртібі ҚР "Жол қозғалысы туралы" Заңымен реттеледі.

- Ішкі істер министрлігі азаматтардың мүдделерін қорғау мақсатында кез келген көлік құралын сатып алу бойынша мәмілелерді заңда белгіленген тәртіппен жүргізуді ұсынады. Сақтандыру полисімен көлік сатып алу – белгілі бір тәуекелдер туғызады, егер көлік іздеуде болса, оны пайдалануға тыйым салынған болса, азаматтар көліктен және оны сатып алуға жұмсаған қаражатынан айырылуы мүмкін. Осыған байланысты автокөлікті сатып алу мен тіркеу – заңда белгіленген тәртіппен жүргізілуі тиіс. Біріншіден, бұл күмәнді, "криминалды" немесе пайдалануға болмайтын көлік құралдарын сатып алудан сақтайды. Екіншіден, бұл азаматтардың автокөлікке меншік құқығын қорғайды, сонымен жеке меншікке толық иелік етуге мүмкіндік береді, деді Серік Түсіпов.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!