Қару-жарақ айналымы қатаң бақылауға алынады

23:04, 6 қазан 2016

Елімізде бұдан былай лаңкестікке ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салынады. Сонымен қатар қару-жарақ айналымы қатаң бақылауға алынып, суық қару сақтау тәртібі күшейтіледі. Бұл ережелер «Терроризмге қарсы» заң жобасына енгізілген. Бүгін құжатты Төменгі палата депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Гүлмайра Қуатбайқызы сөз алады.

Қару-жарақ айналымына арнайы мемлекеттік бақылау енгізілмек. Әуелі қару сақтаудың талаптары күшейтіледі. 

Естеріңізде болса, Ақтөбедегі лаңкестік оқиға кезінде дүкендегі қару-жарақ атысқа дайын тұрған еді. Соның зардабын талай адам тартты. 

Ал жаңа заңнамада қаруды жасақталған күйінде сақтауға тыйым салынады. Яғни мылтықтың серіппесі, оқ-дәрілері және қарудың өзі бөлек сақталуы қажет. Сонымен қатар ел ішіндегі суық қару санын азайту жоспарда бар.

Ахмет Мұрадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Қолданыстағы Заң бойынша әрбір азамат 12 қару-жарақты сақтай алады. Ал жаңа заң жобасы аясында халық қолындағы қару санын азайту көзделген. Оннан астам қаруы бар адам не істеуі керек?

Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары 

-Еліміз бойынша 100-ге жуық адамның қолында ғана 10 шақты қару-жарақ бар. Кез келген азамат артық қаруын қару-жарақ сататын дүкенге өткізіп, ақшасын қайтарып ала алады. 

Лаңкестік әрекеттер көп жағдайда жалға алынған пәтерлерде ұйымдастырылатындығы белгілі. Сондықтан заң жобасында жалға алушыларды тіркеу жайы да қарастырылған.  

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Қазір көптеген қалаларда тәулік бойы үйлерін тапсырады. Олар сол әр тәулік сайын жүгіріп жүреді ме тіркеу үшін? Қалай тіркелмекші? 

Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары 

-Краткасрочный аренда туралы біз оны әзірлеп, қосымша қарастырамыз. Оны зерделеп жатыр. 

Қысқасын айтқанда, депутаттар тарапынан қойылған сан түрлі сауалдар құжаттың олқы тұстарын айқандап берді.  

Бахтияр Мәкенұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Экстремизм мен терроризмге қарсы күресте жергілікті әкімдіктер жанындағы терроризмге қарсы жұмыс жасап жатқан, терроризмге қарсы комиссиялардың рөлі қандай болады? 

Тарас Хитуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Қазақстан Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінде құқық бұзушы адамдардың құқық бұзушы деректер қоры бар ма? 

Заң жобасы аясында экстремизм мен терроризм, оның ішінде халықаралық лаңкестік ұйымдарға және шетелдік қарулы жанжалдарға қатысы барлардың  жазасы күшейтіледі. Әрі лаңкестікке ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің жұмыс жасауына мүлде тыйым салынбақшы.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы 

-Осыған байланысты Үкімет аталған заң жобасын әзірлеп, оны талқылауға депутаттармен бірге бүкіл қоғам өз қолдауын көрсетті. 

Марат Қалқабаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары 

-Бүгін концепция туралы тек қана шешім қабылданды. Енді екінші оқылымға дейін рабочий группаның ішінде барлығы нақты кіргізіледі. Дұрыстап талқылап, заң бойынша кіреді.

Экстремизм және терроризмге қарсы қолданыстағы құжатты жетілдіру барысында 5 Кодекс, 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Басты мақсат – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Серік Қоңырбаев


Дереккөз: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!