Өзбекстандық арналарға Ислам Каримовтың атын атауға тыйым салынды

15:45, 23 тамыз 2018

Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясының құрамындағы барлық телеарналарға эфирде елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың есімін атамау жөнінде бұйрық берілген, деп хабарлайды Baq.kz.

Мұндай бұйрық берілгенін Азаттықтың Өзбек қызметіне жергілікті арналардың бірінде жұмыс істейтін жүргізуші хабарлаған.

Жүргізушінің айтуынша, енді бұдан былай эфирден таралатын барлық бағдарламада Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың есімі аталмауы тиіс. Бұл бұйрықты президенттің мемлекеттік кеңесшісі Хайриддин Султанов берген.

- Басшылық бізге: “Егер Каримовтың есімі эфирде аталса, онда бастарыңмен жауап бересіңдер. Бұл мемлекеттік хатшы Сұлтановтың бұйрығы” деп айтты, - деген өзбекстандық телеарналарының бірінің жүргізушісі.

Өзбекстан телеарналарының бірінде бас редактор қызметін атқаратын есімін атамаған азамат та Азаттықтың Өзбек қызметіне мұндай бұйрықтың болғанын растап, оның жәй ғана ұсыныс емес екенін айтқан.

- Бұл ұсыныс емес - талап. Зиялы қауымның аға буын өкілдері Каримовты еске түсіріп, оны жиі ауызға алады. Сондықтан біз осы топ өкілдерін эфирге шығармас үшін барлық амалдарды қолдандық, - дейді есімін атамаған бас редактор.

Оның айтуынша, эфирде Каримовтың атын атамау туралы бұйрық шамамен бір ай бұрын пайда болған.

- Бірақ дүйсенбі күнгі жиналыста бізге оны тағы айтты. Жалпы жыл басынан бері Ислам Каримов жайлы азырақ айтып, Шавкат Мирзияев жайлы көбірек айтуға кеңес берген. Міне, бір айдан асты - редакторлар мәтіндерді лупамен қарап, Ислам Каримов есімін тауып, алып тастап жатыр. Қазір эфирде Ислам Каримовтың атын атау қауіптірек бола бастады, оған қарағанда эфирде діни экстремистік ұйымның жетекшісі Тахир Юлдаштың (“Өзбекстанның ислам қозғалысы” террористік ұйымының өлген жетекшісі - ред.) есімін атау жеңілірек, - дейді өзбекстандық телеарналардың бірінің бас редакторы.

"Ëшлар" телеарнасы тілшісінің айтуынша, эфирде сонымен бірге Ислам Каримовтың суреттері мен ескерткіштерін көрсетуге де болмайды. Оның есімі кездесетін репортаждарға тыйым бар дейді.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!