«Құнанбай» фильмі Бейжіңдегі халықаралық кинофестивальда көрсетілді

20:10, 20 сәуір 2017

Жаһан жаңалықтары Шартарап айдарында.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон «Иран – әлемдегі лаңкестіктің басты демеушісі»,- деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Иран елі Сирия, Йемен, Ливандағы қақтығыстарға және Израильге қарсы шабуылдардың жалғасуына жауапты. Сондай-ақ ол Иранды Башар Асад режимін қолдайтынын айтып айыптады. Мемлекеттік хатшы Ислам Республикасының ядролық бағдарламасы бойынша келісімді де сынға алды. Тиллерсонның айтуынша, құжат талаптарына қарамастан, Иранның келешекте ядролық мемлекет болуға мүмкіндігі бар. 

Рекс Тиллерсон, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

-Әлемдегі террорлық әрекеттерге Иранның қатысы бар. Бұл мемлекет Құрама Штаттарға және біздің серіктестерімізге қарсы бірнеше кибершабуыл жасады. Осындай қастандық әрекеттерімен және өзгелерге жаппай қырып-жою қаруын жасауға көмектесе отырып, Иран өз қаражаты мен уақытын бейбітшілікті жоюға бағыттауда.

Әзірге ресми Тегеран АҚШ-тың бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ. Ал сарапшылар Идлибке жасалған әуе соққысы кезінде зарин газы немесе соған ұқсас жүйкені салдандырушы зат қолданылғанын растады. Шабуыл құрбандарынан алынған сынама нәтижелері осыны көрсеткен. 4 сәуірде қолданылған химиялық қару салдарынан кем дегенде 87 адам көз жұмған. Сирия әскері химиялық шабуылға қатысы жоқ екендерін алға тартты. 

«Құнанбай» және «Жаңғақ тал» фильмі Бейжіңдегі 7-халықаралық кинофестиваль аясында көрсетіліп жатыр. Отандық режиссерлердің өнімі «Жібек жолындағы үздік туынды», «Панорама» бағдарламасы аясында көпшіліктің назарына ұсынылды. Ағылшын және қытай субтитрімен көрсетілген «Құнанбай» фильмін тамашалауға келген кісі қарасы қалың. Туынды бұған дейін де халықаралық фестивальге қатысып, Уфада «Ұлттық рух» жүлдесін иеленген.

Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық артисі:

-Бұл фестивальдің «Жібек жолы» деген тарихи киноларға арналған бөлімі бар екен. Біз соған қатысып жатырмыз. Енді алдағыны уақыт көрсете жатар. Десек те, осы жердегі біздің қандастарымызға үлкен оқиға болып жатқанын сезіп жатырмыз. Бізді сол қуантады.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!