Ирак халқы Наурыз мейрамын атап өтті

19:34, 21 наурыз 2017

Күн мен түннің теңелер шағын түбі бір түркі жұрты ғана тойламайды. Берісі парсы, арысы Испания халқына дейін атап өтеді. Бірақ әр елдің салты басқа деген бар. 

Гүлмайра, Қуатбайқызы, тілші:

-Ирак халқы бүгінгі таңда қиын жағдайды бастан кешіп жатқандығы белгілі. Соған қарамастан, тұрғындар Наурыз мейрамын атап өтті. Елдегі соғыс пен жойқын жарылыстарды, жоқшылықты бір сәт ұмытқан жамағат бұл күндері ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрге сай Ұлыстың ұлы күнін тойлатуда. Күрд халқы көктемді от жағып қарсы алады. Көне сенімдер бойынша от ең биік жерде жағылуы тиіс. Мерекелік шара ән, биге ұласты.

Ал Валенсия тұрғындары дәстүрлі алау мейрамы, яғни Лас-Файяс мерекесін атап өтті. Салтанатты шара барысында Папье-Машеден жасалған 380 қолөнер туындысы өртелген. Оларды елдің әр өңірінен шыққан қолөнершілер жасайды. Тұрғындар дауыс беру арқылы үздігін таңдап, жеңіске жеткен туынды мұражайға қойылады. Қалғаны түгел өртеледі. Сонымен қатар карнавалдық киім киген тұрғындар қала көшелерінде думандатып ән салып, би билеп, бір-біріне ұлттық тағамдарын ұсынды. Испанияда бұл қыс мезгілін шығарып салып, көктемді қарсы алудың өзіндік салты саналады. 

Кален Грэхэм, саяхатшы: 

-Мен Файяс мерекесін қатты жақсы көремін. Өйткені осы мейрам кезінде Испанияға әлемнің әр елінен адамдар келіп, бірге көңіл көтере алады. Оның үстіне көздің жауын алар мына отшашулар бар. Бұл нағыз испандықтарға тән қасиет. 

Биыл Жапонияда сакура әдеттегіден 5 күн бұрын гүлдеді. Бұған күн райының күрт жылынуы ықпал еткен. Күншығыс елінің астанасы Токиода таңертеңнен бері жауын болып, ауа райының қайта суытуына қарамастан, талдағы бүршіктер қауызын жаруда. Әдетте сакураның жаппай гүлдеуі сәуірдің басына сәйкес келеді. Бұл ызғарлы мерзімнің артта қалып, күннің жылынғандығын айғақтайды. Осы кезде жапон халқы табиғат аясында дастархан жайып, көктемді қарсы алады.

Ұлыбританияда су ағысынан электр қуатын өндіретін әлемдегі алғашқы электр стансасы салынбақ. Мамандардың  айтуынша, стансаның көмегімен 150 мың үйді жыл он екі ай жарықпен қамтамасыз етуге болады. Ол үшін Уэльстің оңтүстік жағалауынан таға тәріздес жасанды дуал салынбақ. Сөйтіп, екі басына суды ішке және сыртқа айдайтын гидротурбиналар қойылады. Олар 120 жылға дейін, яғни атом электр станцияларынан 3 есе ұзақ қызмет етеді. Жоба құны – 1 миллиард 300 миллион фунд. 

Марк Шоррок, Tidal Lagoon Power компаниясының басшысы:

-Жобаның желден және күннен алынатын энергиядан айырмашылығы тұрақтылығында. Желдің екпіні қалай болады, аспан ашық па, бұлтты ма деп алаңдамайсың. Үнемі ағыс жүреді. Сондықтан алынатын энергияның тұрақтылығына сенімді боласың.

Инженерлер Корольдік маңайынан осындай 7 электр станциясын орнатуды жоспарлап отыр. Яғни Ұлыбританиядағы энергияның 30 пайызы баламалы қуат көзінен алынады. Инновациялық жобаның берері мол.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!