Әз-Наурызды бауырлас Түрік елі де кең құлашпен қарсы алды

19:57, 22 наурыз 2017

Түркі дүниесінің мәдени орталығы саналатын Ыстамбұлдағы «Топкапыға» мыңдаған халық жиналып, көктемнің шуақты мерекесін ойын-сауықпен өткізді.

Ержан Жүніс, тілші:

-Әз-Наурыз – адамзатты ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне жіктемейтін көктемнің ең шуақты мерекесі. Қайта керісінше, ол ұлт пен ұлысты ұйыстырып, татулық пен бірлікке үндейді. Дегенмен шығыс халықтары Наурызды әртүрлі қарсы алады. Мысалы, түріктер бұл күні оттан секіреді. 

Бұл – амал жамандық пен кесірден аластап, жаңа жылға құтты қадам бассам деген ежелгі ырым. Сондықтан оттың басынан жасын да, жасамысын да кездестіруге болады.

Гезде Алаташ, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

-Наурыз – жаңа жылдың басы. Түркі халықтары жүз жылдан бері бұл мерекені үзбей тойлап келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл түркі жұртын ұлық мейраммен құттықтаймын! Елімізге татулық пен тыныштық, молшылық пен береке тілеймін.

Ыстамбұлда Наурыз мерекесіне орай түркі халықтары өнерпаздарының қатысуымен дүбірлі концерт өтті. Жиылған жұртшылық күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерін тамашалап, халық ойындарына қатысты. Көпшілік қауым осы күні өкпе-наздарын ұмытып, бір-бірлеріне тек жақсы тілектерін арнады.

Қадыр Топбаш, Ыстамбұл қаласының мэрі: 

-Наурыз мейрамы құтты болсын! Табиғат әлемі жаңарып, тіршілік атауына жан бітіп, күн мен түн теңелетін ғажап күн. Барлық достарымызға, бауырлас халықтарға және туысқан Қазақ еліне Ыстамбұлдан ыстық сәлем жолдаймын. Сіздерге жаңа жылда жаңа табыс пен бақ-береке тілеймін. Ынтымақ-бірлігіміз арта берсін.

Сондай-ақ бүгін мерекелік шара аясында қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Ыстамбұлдағы қазақ диаспорасы жиылған көпшілікті дархан көңілмен дастархан басына шақырып, ұлттық тағамдарымыз бауырсақ пен женттен дәм-ауыз таттырды.

Зафер Селви, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі:

-Біз Түркиядағы қазақтар Наурызды осылай түркі халықтарымен бірге тойлаймыз. Осында бүкіл түркі халықтары бірігіп, тамақтарын алып келіп, елге ұсынады. Қазақстандағы қазақтарды, дүниенің әр түкпіріндегі қазақтарды құттықтап, ақ мол болсын, бірлік пен береке де болсын деп тілеймін.  

Наурыз Түркияда ғасырлар бойы тойланғанымен мемлекеттік мереке тізімінде емес. Дегенмен жергілікті тұрғындар ұлы мейрамды ұлықтап, жыл сайын бұқаралық сипатта атап өтуде. 

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!