Бәсеке жоқ. Тәжікстан халқы президент сайлауына қызықпайды

16:19, 30 қыркүйек 2020
201

Тәжікстанда өтетін президент сайлауына қоғам қызықпайды, деп есептейді сарапшылар. Өйткені саяси науқанда күрес пен бәсеке байқалмайды, деп хабарлайды zakon.kz Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Тәжікстанда президент сайлауына екі аптадан аз уақыт қалды. Мемлекеттік телеарналар ел президенті туралы бағдарламалар беріп жатыр. Жаңалықтарда президенттің аймақтарға сапары туралы репортаждар көрсетілуде. Қалған төрт үміткер туралы мәлімет тым аз беріледі.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскелерінің бәрі дайын екенін жариялады. Сайлаушылар тізімі дайындалды.

Алайда сайлаушылардың дені президент қызметінен үміткерлердің кім екенін, олардың бағдарламасы қандай екенін білмейді.

"Эмомали Рахмон қатысатын сайлауда кім жеңетіні белгілі. Ұлт лидері сайлауда жеңіледі дегенге сену қиын", - дейді бірінші курс студенті Комрон.

Тәуелсіз сарапшы Абдумалик Кодировтің айтуынша, билік осы сайлауды ұйымдастыру арқылы заң ережесімен жүретінін көрсеткісі келеді.

"Шын мәнінде, мемлекеттік телеарналарда сайлау туралы көрсетіліп жатқан жайттарды қарапайым тіршілікте байқай алмадық. Әркім өз шаруасымен жүр. Ешкім сайлауға бас қатырмайды", - дейді сарапшы.

Тәжікстанда тұрғындардың саяси белсенділігінің төмендігін сарапшылар бұған дейін де айтқан. Британ зерттеушісі Джон Хизершоу Озоди радиосына берген сұхбатында тәжіктерді саясатқа қызықпайтын ұлт ретінде сипаттаған. Олар саяси мәселені талқылаудан қашады.

Тәжікстанда кезекті президент сайлауы 11 қазанда өтеді. Эмомали Рахмон осымен бесінші мәрте сайлауға қатысады. Ол бұған дейінгі төрт сайлауда жеңіске жеткен.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір