ҚР Парламенті Мәжілісі 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

20:15, 18 қазан 2017

Бүгін Парламенттің төменгі палатасы 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасын мақұлдады.

Құжатта әлеуметтік салаға ерекше екпін берілген. Алдағы үш жылда халықтың еміне, білім алуына, қысқасы, ел өміріндегі ең маңызды жұмыстарға шамамен 13 млрд теңге бағытталмақ.

Үкімет пен Мәжіліс көршілес тұрса да, екі үйдің иесі бір-біріне жиі бас сұға бермейтін. Бүгін еліміздің басты қаржылық құжатын қорғап қалуға Үкімет үйінің тай-тұяғы түгел жиналды. Себебі халықтың жағдайы, елдің дамуы, осы заң жобасына байланысты. «Құжат әлеуметтің әлеуетін көтеруге арналған»,– дейді Қаржы министрі.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

– Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі. Ол 2018 жылы 44,6%-дан 2020 жылы 47,4%-ға дейін өседі. Ақшалай мәнде осы салаға арналған шығыстар 13 401 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2018 жылға 4 108,6 млрд теңге. Осы блоктың шығыстарының ең ірі көлемі әлеуметтік қамтамасыз ету және еліміздің азаматтарына әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталады.

Алдағы 2018 жылға арналған бюджеттің шығыстары 9 217,9 млрд теңге болмақ. Келер жылы Денсаулық сақтау жүйесіне 1 070,3 млрд, Білім және ғылым жүйесіне 340,6 млрд, мәдениет және спортты дамытуға 82 млрд теңге бөлінбек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2018 жылға 275,4 млрд теңге. Мәжілісмен Нұртай Сабильянов халықты ауызсумен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржының аздығына алаң білдірді. Негіз бар, қазір елімізде 3 мың ауыл ауызсуға жарымай отыр.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бөлінетін қаржы Қаржы министрлігі белгілеген лимиттен аспайтын болса, онда халықты таза ауызсумен 100% қамтамасыз етуге 2060 жылға қарай ғана қол жеткізіледі екен. Яғни 43 жыл кетеді екен. 3 мың ауылда қазір су жоқ. Егер жылына 73 жоба ғана қаржыландырылса, онда 43 жыл кетеді екен. Сіз 2020 жылға қарай Қазақстан халқын ауызсумен қамтамасыз ету проблемасын шешу бойынша Президенттің «Қазақстан - 2050» стратегиясында көрсетілген тапсырмасын орындауды қалайша жоспарлап отырсыз?

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

– Қосымша 7 млрд теңге бұл мәселеге көбейту көзделіп отыр. Бірақ әрине бұл да толық 100%-ға дейін жеткізу үшін жеткіліксіз. Сондықтан біз келесі 3 жылдық бюджеттерде де қарайтын боламыз.

Еліміздегі жанар-жағармай тапшылығы мен қымбатшылығын депутаттар да көтерді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Үкімет кейбір оқиғаларды болдырмаудың орнына, оның соңынан тіпті ілесе алмай да жатыр. Бұл қысқа дайындық, көмірмен қамту, бензин және отандық өндірушілерді қолдауға қатысты. Соңғысына байланысты жуырда Қырғызстаннан келетін тауарларды тексергенде олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегені анықталды. Бұл бір бүгінгінің проблемасы емес. «Ақ жол» фракциясы бірнеше жыл бойы елге келетін өнімдердің қауіпсіздігі туралы айтып келеді. Алайда не Үкімет, не Қаржы министрлігі бұл мәселеге ден қоймай келеді.

Соңғы уақытта мәжілісмендер жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігіне күдікпен қарай бастады. Жақында Омархан Өксікбаев осы бағдарламаны тоқтату туралы айтса, бүгін тағы бір депутат бағдарламаға бөлінген қаржының 80%-ының тиімсіз жұмсалғанын айтты.

Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жұмыспен қамтудың жаңартылған бағдарламасында, үш жылдық бюджетте, «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға тағы 3,7 млрд. теңге бөлінетін болады. Қазірдің өзінде екі жылға 60 мың адам дайындау жоспарланып отыр. Алайда сіздердің жоспарларыңызға сәйкес, оқудан өткендердің 20%-ы ғана бизнестерін аша алады. Яғни білім алған 60 мың адамның ішінде небәрі 12 мыңы өз білімін іске асыра алады. Ашығын айтқанда, бұл жұмсалған қаражаттың шамамен 80%-ының мақсаттарға қол жеткізбейтінін айғақтайды. Осындай көрсеткіштермен бағдарламаны тиімді деп атауға бола ма?

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Біз 1 қазанға дейін 10 мың адамды дайындап, жыл аяғына дейін тағы 5 мың адамды даярлаймыз.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін тағы бір жобаны қолға алды. Оның аясында мүгедектерді жұмыспен қамтыған жұмыс берушілерге субсидия төленетін болады.

Жанат Омарбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жұмыс орындары есту қабілетінде ақауы бар және тірек-қозғалыс аппараттары бұзылған мүгедектерге ғана құрылып, басқа ауруларына байланысты мүмкіндігі шектеулі адамдар неліктен қамтылмай қалғанын білгім келеді. 2019-2020 жылдарға неліктен қаражат көзделмеген? Әлде сіздер мүмкіндігі шектеулі адамдардың барлығын бір жыл ішінде жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырсыздар ма?

Бүгін Премьер-министр алдағы 3 жылда Ұлттық қор түсімдерінің жыл санап азая түсетінін айтты. Оның себебі де жоқ емес. Алдағы 3 жылда Қашаған мұнай кешенінен алынатын мұнай көлемі 13 млн тоннаға жетпек. Бірақ оның қызығын көретін күн алыста.

Артур Платонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мұнайдың бір баррелінің құны мен валюта курсы да тұрақты. Мұнайдың бағасы тіпті болжағаннан да жоғары. Бақытжан Әбдірұлы, енді айтыңызшы, мұнайды өндіру көлемі артса, оның бағасы да тұрақты болса, Ұлттық қордың түсімдері артуы керек қой. Онда неге бізде керісінше Ұлттық қордың кірістері төмендеп кетті?

Сонымен алдағы үш жылға арналған қазына қоржыны бүгін бір бүтінделіп қалды. Депутаттардың Үкіметпен бірлескен жұмысы барысында жалпы сомасы 22 млрд теңге болатын қаражат қалпына келтірілді. Олар мектептер салу, құрылыс пен денсаулық сақтау нысандарын сейсмикалық күшейту, автожолдарды қайта қалпына келтіру, сумен жабдықтау және суды бұру жүйесін дамытуға бағытталды. Осы ретте Мәжіліс төрағасы бюджеттен бөлінген қаражатты тиімді, толық және мақсатты түде қамту қажеттілігіне тоқталды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Сонымен біз еліміздің негізгі қаржы құжаты үш жылдық бюджетті мақұлдадық. Бұл – еліміздің тұрақты дамуы жолында Парламенттің де, Үкіметтің де атқарып келе жатқан ең жауапты, ең маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан біз бірлесіп, Елбасымыздың тапсырмаларын басшылыққа алып, мемлекет қаржысын тиімді пайдалануымыз керек.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қанат Әбілдин 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!