Сұлулық: майларды қалай қолданады?

09:09, 11 сәуір 2017

Соңғы жылдары косметика нарығын косметикалық майлар «жаулап» алды. Олар теріні нәрлендіріп, терінің ұзақ уақыт ылғалды, жұмсақ әрі тегіс болуын қамтамасыз етеді. Десе де, көпшілік майдың бар пайдасын көре алмай жүргендей. Сондықтан майларды қалай қолдану керектігі жайында сөз қозғасақ...

 

Майлы бетке де май жағыңыз
 Бет терісі майлы жандар косметикалық майларды қолдануға жүрексінетіндей. Олар өзі де майлы беті одан ары жылтырап, безеулердің қаптап кетуінен қорқады. Ал косметикалық майлар жайлы толық ақпараты бар адам бұл майлардан мүлде бас тартуға асықпас еді. Өйткені олар, яғни косметикалық майлар комедондарға қарсы қасиетке ие, сондай-ақ терінің май бөлуін де азайтады. Бастысы, әр адам өз терісінің түріне қарай, өзіне жағатын май түрін таңдап және оны дұрыстап жағуды үйренгені жөн.


Қолайлы уақытты таңдау маңызды
 Ұзақ сіңетін (мысалы, авокадо, кокос) майларын ұйқыға жатар алдында, ал сіңімді, жеңіл майларды күндіз жаққан жөн. Әйтпесе, «ауыр» майлар күндізгі уақытта бетті тым жылтыратып жібереді. Онымен қоса, тым майлы теріде макияж да ойдағыдай тұрмасы анық.

 Егер бет терісі тым майлы болса, күндіз макияжбен косметикалық майларды жақпаған жөн. Бұл мүлде қолдануға болмайды деген сөз емес, кешкі уақытта жағыңыз. Сонымен қатар кейбір майлар, мысалы, лимон мен грейпфруттың майы жарыққа тым сезімтал. Күннің сәулесінен олардың әсері екі есе күшті болып, теріде түрлі қабынулар мен аллергиялық реакциялар болуы мүмкін.


Терінің түріне қарай таңдаңыз
 Кез келген косметикалық өнім сияқты косметикалық майларды да терінің түріне қарай таңдау өте маңызды. Өйткені дұрыс таңдалмаған майдың кері әсері болуы ғажап емес. Мысалы, майлы теріге кокос майын жағуға болмайды. Косметика нарығында үлкен сұранысқа ие болғанымен, ол терідегі ұсақ тесіктерді толтырып, безеулердің қаптауына негіз болады. Қандай майды да алғаш қолданар кезінде терінің кішігірім бөлігіне аздап жағып, тәжірибе жасап көру керек.

 Терісі құрғақ және жасы үлкен жандардың авокадо майын жаққандары жөн. Өйткені бұл май теріні нәрлендіріп, ылғалдандырып қана қоймай, жастың ұлғаюымен пайда болатын дақтарды түссіздендіреді.

 Құрғақ та, тым майлы да емес, бірақ безеулер жиі мазалайтын теріге жожоба, анар, жүзім сүйектерінің майларын жағу керек. Бұл майлар теріге сіңіп, оның май бөлуін азайтады.

 Ал терісін ылғалдандырғысы келетіндер раушан немесе итмұрын майын қолданып көргендері жөн.
 

Мөлшерін біліңіз

 Майларды дұрыс қолданудағы басты ереже – мейлінше, аз жағу. Көптеген адамдар «Неғұрлым көп жақсам, әсері де соғұрлым жақсы болады» деген қате пікірде. Косметикалық майлардың әсері көп жаққаннан емес, дұрыс жаққаннан ғана оң болады. Сондықтан бетіңізге жаққан майдан 10 минуттан кейін де жылтырап ізі қалатын болса, оны дереу сүртіп тастаңыз. Бұл – артық алып қойғаныңыздың дәлелі. Бет терісіне жағуға майдың 2-3 тамшысы да жеткілікті. Ал шашқа жағуға 4 тамшыдан 8-10 тамшыға дейін май алуыңызға болады. Шаш тым құрғақ немесе ұзын болса, бірер тамшы қосыңыз. Денеге жағу үшін ыдысқа құйған майыңыз, шамамен, тиынның көлеміндей болса жеткілікті. Майды дегене, әдетте, суға түскеннен кейін жағу керек.


Шаштың да түріне қараңыз
 Бет терісіне таңдағандай шашқа да майды оның түріне жағу керек. Жұқа және майлы шашқа майсана майы, бадам майы немесе моринги майын жаққан дұрыс. Олар шашқа өң беріп, емдейді және шашты ауырлатпайды.

 Ал құрғақ және қатты шашқа арган майы мен марула майлары өте пайдалы. Сондай-ақ авокадо майы да сынғыш, ұшталған шашқа таптырмас ем бола алады.
Егер бас терісі тым құрғақ болмаса, шашқа жағатын майды бас терісіне жақпаған дұрыс. Сондықтан шашқа май жаққанда майдың негізгі бөлігін шаштың орта тұсы мен ұшына, ал қалғанын шаштың түбіне жағу керек.

 

Дереккөз: anabol.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!