Жаңа Шүлбіде 4 баланы қаққан мас жүргізуші 7 жылға дейін соталуы мүмкін

12:57, 8 қыркүйек 2020

Шығыс Қазақстан облысының Жаңа Шүлбі ауылында көлікке мас күйінде отырған жүргізуші есік алдында ойнап отырған төрт баланы басып кеткен. Джиптің астында қалған жеткіншектердің бірі оқиға орнында көз жұмды, өзгесінің халі ауыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Сұмдық оқиға Бородулихо ауданына қарасты Жаңа Шүлбі ауылында болған. Кешқұрым аулада ойын кезінде 31 жастағы мас көлік тізгіндеушісі 5,10,11 және 12 жасар төрт баланы басып кеткен. Жол талғамайтын "Mitsubishi Chelenger" көлігінің астында қалған 10 жастағы қыз бала жедел жәрдем көмегіне қарамастан, оқиға орнынна жан тәсілім етті. Оқиғада жолы болып, аман қалған 11 жастағы баланың әкесі бізге былай деді.

Андрей Мартынов, зардап шеккен баланың әкесі:

"Жүргізуші біздің көршіміз. Ол үлкен жолдан бұрылып, үйге қарай бет алған болуы керек. Сол кезде біздің балаларымыз есік алдында ойнап отырған жерінен басып өткен. Менің қызымның мойнына зақым келген. Қазір жағдайы қалыпты".

Қалған екі баланың біреуі медициналық тексерістен кейін үйіне жіберілсе, тағы біреуі ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Оның халі ауыр.

Ержан Қайырқанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

"Оқиға болған күні осы балалардың біреуі аудандық ауруханаға жеткізілген болатын. Сол жерден Семей қаласына жөнелтілді. Ол қазір реанимация бөлімінде жатыр. Сондай-ақ тағы екі бала жергілікті жерде қаралғаннан кейін, кішігірім жарақат алған, олар үйлеріне жіберілді".

Бір баланың өліміне себепші болған көлік иесі омарташы екені белгілі. Бал жинаумен айналысқанды көршілері жиі ішімдікке тойып алатынын да көріпті. Қазіргі кезде ол полиция қолында.

Сағат Мәдиев, облыстық полиция департаментінің басшысы:

"Қазіргі уақытта жүргізуші Бородулихо ауданының полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Адам өліміне әкеліп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде".

Ащы суға сылқия тойып алып, 10 жастағы қыз баланың өліміне себепші аталған қылмыс үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ 10 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығына тыйым салынуы ықтимал. Айта кетейік, биыл 8 айда мас жүргізушілердің кінәсінен 264 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 51 адам қайтыс болып, 340 адам жарақат алған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!