Зертхана қызметкері медициналық қалдықтарды үй ауласына тастап кетті

15:45, 27 шілде 2020
1137

Медициналық қауіпті қалдықтар тұрғын үйлердің ауласына тасталады! Осындай сорақылыққа куә болған тұрғындардың бірі ол жайтты фотоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялап жіберді. Куәгердің айтуынша, еліміздегі коронавирусқа сынама қабылдайтын ірі лабораторияның қызметкерлері зиянды қоқыстарды тұрмыстық қалдықтармен бірге төккен, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Анықтағанымыз, ол қалдықтарды өңдейтін, залалсыздандыратын мекеме карантинге жабылып жатыр екен. Бұл нені білдіреді? Инесі бар, дәрісі бар, психотропты препараттармен араласып, ағзаға зиян медициналық қоқыстың да көшеде шашылып жататын күні жақындап қалды ма?

Жуырда ғана әлеуметтік желіге жүктелген мына фото үлкен дау тудырды. Еліміздегі ірі зертханалардың бірінің қызметкері елордадағы тұрғын үйдің қоқыс жәшігіне күмәнді қара пакет тастаған. Ал, оның ішінде қандай заттар болғаны әзірге жұмбақ. Медициналық мекеме алдында коронавирусқа сынама тапсыру үшін жұрт сағаттап кезек күтетінін білетін тұрғындар, төгілген қалдықтар денсаулыққа зиян екеніне сенімді.

Ләззат Тәжібаева, қала тұрғыны:

"Мен медициналық киім киген әйелді осы аптада тұрмыстық қалдықтар төгетін контейнер маңынан көрдім. Қызметкер қара пакеттерді "Олимп" лабораториясы орналасқан тұстан әкелді. Олардың қандай қоқыс тастайтыны белгілі ғой. Арасында биоматериалдар, денсаулыққа қауіпті заттар болуы мүмкін. Жалпы, мұнда медициналық қызметкерлер жиі қоқыс төгеді".

Медициналық мекеме қызметкерлері өздерінен шыққан затты тұрмыстық қалдықтармен араластырып төгетінін тұрғын үйдің қауіпсіздік қызметінің өкілдері де растап отыр.

Нұрболат Бекетаев, тұрғын үйдің қауіпсіздік қызметінің өкілі:

"Барлық мына жердегі "Құлагердегі" төмендегі тұрған офисный помещениелер бар, аптекалар бар, магазиндер бар солардың барлығына ескерту жасадық. Енді, олардың пакеттерінде медицинский отход па, ондай емес па біз оны білмейміз ғой. Вредный ма, вредный емес па? Қауіпсіздігі бар ма? Жоқ па, оны білмейміз. Бірақ, біз барып ескерттік. Енді, олар кешірім сұрап, болашақта тастамаймыз деді".

Ал, екі пакет қоқыс төгемін деп басы дауға қалған қызметкер тәртіптік жазаға тартылыпты.

Олеся Клименко, қалалық "Олимп" КДЗ филиалының басшысы:

"Зертхананың процедуралық кабинеттерінен шыққан медициналық қалдықтар, денсаулық сақтау министрі бекіткен ережелерге сай шығарылады. Қоқысты белгіленбеген орынға тастаған қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолданылды. Дәрігерлер вируспен күресіп жатқан қиын қыстау кезеңде, қалдықтар туралы талқылағанымыз артық".

Жалпы, "медициналық қалдықтар қайда төгілуі тиіс", "құзырлы орган тарапынан бақылау бар ма" деген сауалды біз экология министрлігіне қойып көрдік. Бірақ, ведомство өкілдері бұл сұраққа қалалық тауарлар қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаменті жауап береді деп қысқа қайырды. Ал, бірнеше күн бұрын еліміздің бас экологы мұндай санаттағы қоқыстарға арнайы контейнерлер қойылды деп мәлімдеген еді.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

"Ірі қалаларда біз қоқысты өңдейтін ұйымдармен бірігіп, медициналық маскаларға, басқа да қалдықтарға арналған арнайы контейнер орнаттық. Себебі, аталған санаттағы заттар басқалардан бөлек жоюлуы тиіс".

Зиянды қоқыс арнайы жерде өртелуі қажет. Оны бәрі біледі. Бірақ, еліміздің бас экологы айтқан сөзі мен ісі сәйкес келе ме? Мәселен, "Байқоңыр" ауданындағы жедел жәрдем бекетінің маңында қолданылған медициналық бетперделер жөн-жосықсыз шашылып жатыр. Оны жинап, арнайы контейнерге тастап жүрген бірде-бір адамды кездестірмедік.

"Біз қазір Елорда іргесіндегі "96 разъезд" деп аталатын елдімекендеміз. Мұнда, негізі медициналық қалдықтарды өртейтін бір орын бар. Осы жерге коронавирус инфекциясына байланысты, медициналық қалдықтарды қайда өртеп жатыр деген сұрақпен келген болатынбыз. Бірақ, мұндағы қызметкерлер қандай да бір жауап беруден бас тартып, өздерінің карантинге жабылғанын мәлімдеп отыр".

"А сейчас сюда получаются, не провозят да медицинские отходы? Нет, вообще, просто дожигают, чтобы на новую базу переехать, чтобы вот этот мусор здесь не остался".

Қоршаудың арғы жағындағы адамды әңгімеге тартып тұрғанда, таяқ тастам жерге қалдықтар тиелген тағы бір көлік келді. Мекеменің тұрақты клиенті болуы керек, біздің түсірілім тобын көре сала, кері бұрылып, орынсыз қылықтар көрсетіп қаша жөнелді. Соған қарағанда, қаладағы кейбір медициналық ұйымдар қоқыстарын осы жерге әкеліп төгетін секілді. Мына кадрлар соны айқындап тұрғандай. Ал, СЭС мамандарына осыған қатысты сұрау салғанымызбен, әзірге жауап берген жоқ.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!