«Заң және Тәртіп» әр үйдің, әр отбасының табалдырығынан басталуы керек - Елнұр Бейсенбай

18:59, 24 қаңтар 2026

© Сурет: Telegram/consud.kz

Отбасы мен неке ұғымдарын күшейтіп, тек қана ер мен әйелдің арасындағы тең, еркін және өзара жауапкершілікке негізделген құндылық ретінде нақты бекіту керек. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Zakon.kz

Депутаттың айтуынша, Конституция – жай ғана құқықтық нормалар мен баптардың жиынтығы емес. Бұл "Біз халық ретінде кімбіз және еліміздің болашағын қалай елестетеміз?" деген басты сұраққа жауап беретін құжат. Конституцияны жаңарту кезінде отбасы жайлы ой айту – Қазақстанның болашағы туралы сөз қозғаумен тең.

"Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген аталы сөзін білмейтін қазақ, естімеген жұрт жоқ. Бесігі түзу елдің ертеңі де нық, ұрпағы да саналы болады. "Бесікті түзеу" – болашақ алдындағы тарихи жауапкершілік. Ел боламыз десек, ең әуелі ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық сана мен рухани негізге айрықша мән беруіміз керек. Осы ретте, халқымыздың бас құжаты – Ата заңымызда отбасы мен неке сияқты қастерлі ұғымдарды күшейтуіміз керек деп санаймын. Оған жауапты ер мен әйелдің рөлін, олардың жауапкершілігін, ара-қатынасын нақты шегелейтін уақыт келді", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат дәстүрімізге теріс, адамзат болмысына, оның табиғатына қарама-қайшы құндылықтарды насихаттайтын жат әрекеттер қоғамда аз емес екенін атап өтті. Бұл жай ғана түйткіл емес, ұлттың болашағына қауіп төндіретін құбылыс.

"Сондықтан ұлттық болмысымызға сай келетін, Адам ата мен Хауа ананың жаратылысына тән дәстүрлі отбасылық әке мен ананың заңды әрі құқықтық қарым-қатынастарын Конституцияда нақты бекітуіміз қажет", – дейді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі Конституцияда отбасыны, ана мен баланы қорғау кепілдігі берілген. Алайда онда ең маңыздысы – некенің нақты анықтамасы жоқ.

"Ал бүгінде әлемде негізгі ұғымдардың бұлыңғырлануы тек отбасы институтының әлсіреуіне ғана емес, қоғамның моральдық бағдарынан айырылуына да әкеп соққанын көріп отырмыз. Әлемдік тәжірибе мемлекеттердің әртүрлі жолмен дамитынын көрсетеді, алайда олардың басым көпшілігі отбасының стратегиялық маңызын терең түсінеді. Көптеген елдердің Конституцияларында отбасы және ер мен әйел арасындағы неке ұғымдары нақты айқындалған. Тіпті басқару жүйесі алуан түрлі елдерде отбасы кейінгі ысырылатын мәселе емес, қоғамның іргетасы ретінде қарастырылады", – деді Мәжіліс депутаты.

Сондықтан Ата заңда неке – тек ер мен әйелдің арасындағы одақ екенін, оның балалар мен мемлекетке болашақ сыйлайтынын бекіту ұсынылды.

Спикер атап өткендей, ер мен әйел арасындағы некеде еріктілік пен теңқұқықтылық қағидатын бекіту – құр қағаз жүзіндегі сөз емес. Бұл – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру стратегиясын іске асыру жолындағы түбегейлі қадам.

"Біздің қоғам кемсітушіліктен де, ескіліктің сарқыншақтарынан да толық арылуға тиіс. «Заң мен тәртіп» қағидаты сот залдарынан немесе мемлекеттік органдарға жүгінуден басталмауы керек. Ол әрбір үйдің табалдырығынан басталуы керек. Теңдікке негізделген отбасы – салауатты азаматтық қоғамның жалғыз берік тірегі. Біз өзгерістерден қорықпайтын, өйткені өз рухани тамырына сүйенетін заманауи, өркениетті және прогрессивті мемлекет құрып жатырмыз. Ұлы дала әйелінің жоғары мәртебесін еске түсірейік: бүгін осы нормаларды енгізу арқылы біз адамға құрмет пен оның қадір-қасиетін жоғары қойған ата-бабаларымыздың ең озық дәстүрлеріне қайта оралып отырмыз. Әрбір жұбай үшін құқықтық кепілдіктер жасап, бірлік, әділдік пен заңды ең жоғары құндылық деп білетін ұлттың берік негізін қалаймыз", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Бұған дейін "Ақ жол" партиясы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында банктік құпияны конституциялық деңгейде қорғауды күшейтуді ұсынағанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!