Ұлттық банктегі қызметке тағайындау тәртібі өзгерді: жаңа талаптар кімдерге қатысты
© Фото: пресс-служба Национального банка РК
Қазақстан Ұлттық банкінің 2026 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен Ұлттық банк қызметшілерін қызметке тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, Ұлттық банк қызметшісін қызметке тағайындауға "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" заңның 20-2-бабында көзделген жағдайларда жол берілмейтіні нақтыланды.
Конкурстық комиссия комиссия төрағасынан, мүшелерінен және хатшысынан (кадр қызметінің өкілі) тұрады.
Конкурстық комиссияның төрағасы – Ұлттық банктің бос тұрған қызмет лауазымы бар бөлімшесіне жетекшілік ететін Ұлттық банк төрағасының орынбасары. Филиалдарда бұл қызметті филиал директоры немесе оның орынбасарларының бірі атқарады. Егер конкурстық комиссияның төрағасы болмаған жағдайда, оның міндеттері комиссия мүшелерінің біріне жүктеледі.
Конкурстық комиссия құрамына кадр қызметінің басшысы (филиалдарда – филиал директоры айқындайтын қызметкер), конкурс жарияланған Ұлттық банк қызметшісінің бос лауазымы бар бөлімшенің басшысы немесе олардың міндетін атқаратын тұлғалар, сондай-ақ заң бөлімшесінің басшысы немесе оның орынбасарларының бірі (филиалдарда – заң кеңесшісі) комиссия мүшесі ретінде енгізіледі.
Ұлттық банктің орталық аппаратындағы бөлімшелер мен өкілдіктегі бос лауазымға кандидаттарды іріктеу кезінде конкурстық комиссия құрамына Ұлттық банк төрағасы аппараты бөлімшесінің басшысы енгізіледі.
Комиссия төрағасын қоса алғанда, конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ сан болуы тиіс. Орталық аппарат бөлімшелері мен өкілдікте комиссия құрамында кемінде бес адам, ал филиалдарда кемінде үш адам болуы қажет.
Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушыларды тестілеуге жіберу туралы шешімді конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарау аяқталған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қабылдайды. Шешім комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қоятын хаттама түрінде рәсімделеді.
Тестілеуге жіберілген кандидаттардың тізімі Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Кандидаттарды сұхбаттасуға жіберу туралы шешім де хаттама түрінде рәсімделіп, оған конкурстық комиссияның төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды. Сұхбаттасуға жіберілген кандидаттардың тізімі Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.
Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған және кадр резервіне енгізілген кандидаттардың тізімі конкурстық комиссияның қорытынды отырысының хаттамасына қол қойылған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Кадр резервін қалыптастыру тәртібі өзгерді
Қаулыға сәйкес, 3-1-тараудың атауы жаңа редакцияда "Кадр резервін қалыптастыру" деп өзгертілді.
Кадр резерві конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған кандидаттар мен іріктеуден өткен тұлғалардың арасынан қалыптастырылады.
Кадр резервіне енгізу үшін іріктеу жүргізілетіні туралы хабарландыру Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Іріктеуге қатысуға ниет білдірген тұлғалар Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында резюменің электрондық нұсқасын толтырады.
Резюме қабылдау мерзімі хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай өткен соң аяқталады.
Резюме қабылдау аяқталған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде кадр қызметі резюме ұсынған тұлғалардың тізімін қалыптастырады.
Кадр қызметі жасаған тізім Ұлттық банктің бөлімшелеріне сұхбат жүргізу үшін жолданады.
Сұхбаттасудың уақыты, күні және өтетін орны туралы ақпаратты кадр қызметі тізімге енгізілген тұлғаларға электрондық пошта немесе телефон байланысы арқылы жеткізеді.
Ұлттық банк бөлімшелері кадр қызметі ұсынған тізімдегі тұлғалармен сұхбат жүргізеді. Оның мақсаты – Ұлттық банк бөлімшесінің қызмет бағытына сәйкес келетін салаларда білімі бар кандидаттарды анықтау. Сұхбат тізім ұсынылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі.
Сұхбат нәтижесі бойынша Ұлттық банк бөлімшелері сұхбаттан сәтті өткен тұлғалардың тізімін кадр қызметіне жібереді.
Кадр қызметі сұхбаттан өткен тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастырып, оны Ұлттық банк төрағасына бекітуге ұсынады.
Іріктеуден өткен тұлғалардың бекітілген тізімі Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Кадр резервіне енгізілген тұлғалар Ұлттық банк қызметшісінің бос лауазымы болған жағдайда, кадр резервіне енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Ұлттық банк қызметшісі лауазымына тағайындалады.
Кадр резервінен шығару мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
- кадр резервіне енгізілген тұлғаның резервтен шығаруды сұрап өтініш беруі;
- кадр резервіне енгізілген тұлғаның Ұлттық банк қызметшісінің бос лауазымына орналасуы;
- белгіленген мерзімнің аяқталуы.
Ұлттық банктің кадр резервін қалыптастыру және одан шығару жұмыстарын жүргізу кадр қызметіне жүктеледі.
Қаулы 2026 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:52, 2 қыркүйек 2026
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан үш алтын және бір қола медаль жеңіп алды
-
17:33, 2 қыркүйек 2026
Алматыда спорттық гимнастикадан ел чемпионатының жеңімпаздары анықталды
-
17:24, 2 қыркүйек 2026
1 қыркүйекте Астанада, Алматыда, Шымкентте ауа райы қалай өзгерді: 50 жыл бұрынғы мәліметтер
-
17:10, 2 қыркүйек 2026
Алматыда жеке үйдің дәретханасынан ер адамның денесі табылды
-
16:52, 2 қыркүйек 2026
ШҚО тұрғыны үйінде заңсыз қару-жарақ сақтаған





