Украинадағы қақтығыстан ядролық соғыс қаупіне дейін – Путин, Си және Трамп келіссөзде не айтты
© Сурет: Telegram/Мария Захарова
2026 жылғы 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) саммиті аясында Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин және АҚШ президенті Дональд Трамп үшжақты келіссөз өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл – Қытай, Ресей және АҚШ басшыларының тарихтағы алғашқы үшжақты кездесуі. РИА Новости агенттігінің жазуынша, келіссөз "Цилинь Шаньчжуан" мемлекеттік резиденциясында өтті. Резиденция ұзақ ғұмыр мен бақ-берекенің нышаны саналатын "қытайдың бірмүйізі" – цилиньнің құрметіне аталған.
Кездесу басында үш елдің басшылары құттықтау сөз сөйледі. Саммиттің иесі ретінде алғашқы сөзді Си Цзиньпин алып, одан кейін сөз кезегін Владимир Путинге берді. Үшінші болып Дональд Трамп сөйледі.
Си Цзиньпиннің негізгі мәлімдемелері
- Си Цзиньпин үш ел басшыларының алғашқы кездесуін тарихи бетбұрыс деп бағалады. Оның айтуынша, саммиттің басты тақырыбы – әлемде бейбітшілікті сақтау.
- "Ірі державалар өзара тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды, ал олар қақтығысса, дүние астан-кестен болады", – деді Қытай төрағасы. Оның сөзін "Газета" басылымы келтірді.
- Ірі державалардың сындарлы қарым-қатынас орнатуы – қажеттілік. Қытай, Ресей және АҚШ жаһандық мәселелерді шешуде бірлесіп әрекет етіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты бірге қамтамасыз етуге тиіс.
- Қытай соңғы жылдары Ресеймен іс-қимылын үйлестіріп, жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытып келеді.
- Әлемдегі өзгерістер қарқын алды. Жер жүзінде тыныштық жоқ.
- Ядролық соғыстың алдын алу үшін бар күш-жігерді жұмсап, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт талаптарын сақтау қажет.
- Ядролық соғыста ешкім жеңіске жете алмайды, сондықтан оны бастауға болмайды. Си Цзиньпин ядролық қаруды адамзаттың төбесінде төніп тұрған Дамокл семсеріне теңеп, оны жою қажет екенін айтты.
- Қырғи-қабақ соғыс дәуірінен қалған көзқарастан арылып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту керек. Үш ел табиғи ресурстарының молдығы, өндірістік қуаты мен тұтыну нарығының ауқымы секілді артықшылықтарын ұштастыра алады.
- Жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке елеулі қатер төніп тұр. Үш ел өзара іс-қимылын күшейте отырып, энергетика саласындағы өндіріс пен жеткізу тізбектерінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуіне ықпал ете алады. Бұл әлемдік энергетика нарығының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Өзара құрмет – ірі державалар арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаты.
Владимир Путиннің негізгі мәлімдемелері
- "Ең алдымен, бүгінгі кездесуді ұйымдастырған Қытай тарапына және Қытай Халық Республикасының төрағасына алғыс білдіргім келеді. Мұндай құрамдағы кездесу алғаш рет өтіп отыр. Оған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – Ресей, Қытай Халық Республикасы және Америка Құрама Штаттарының басшылары қатысып отыр", – деді Путин. Оның сөзін ТАСС агенттігі келтірді.
- "Өңірлік қақтығыстарды, соның ішінде Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесінде елдеріміздің мүдделері көп жағынан тоғысады. Кеше бұл мәселені Қытай Халық Республикасының төрағасымен талқыладық. Бүгін АҚШ президентінің бастамасымен екіжақты кездесуде де осы мәселеге көп көңіл бөлдік".
- "Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін қалауға атсалыстық. Осы әмбебап ұйыммен бірге қалыптасқан халықаралық құқық жүйесін, соның ішінде БҰҰ Жарғысы мен онда бекітілген қағидаттарды сақтау және нығайту міндеті бізге жүктелген".
- "Халықаралық терроризм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және басқа да қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы күресте мүддеміз ортақ".
- "Әрине, жаһандық және өңірлік экономикалық байланыстарды, сондай-ақ азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де талқылағанымыз жөн".
- "Үш мемлекетімізді Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен елдер мәртебесі біріктіреді. Ал ең бастысы – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға үшеуіміз де жауаптымыз".
- "Ресей, Қытай және АҚШ халықтары бір-бірін құрметтеп, тең құқықтылық пен мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, серіктес ретінде сындарлы ынтымақтаса білсе, әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қоса алады".
Дональд Трамптың негізгі мәлімдемелері
- "Си төрағаны саммитті өте сәтті өткізгенімен құттықтағым келеді. Сондай-ақ осы сапардың АҚШ, Ресей және Қытай басшыларына алғаш рет үшжақты кездесу өткізуге мүмкіндік бергеніне қуаныштымын".
- Трамптың айтуынша, бүкіл әлемге қатысты мәселелер бойынша диалогты жалғастыруда Ресей, АҚШ және Қытай басшыларына айрықша жауапкершілік жүктеледі.
- АҚШ президенті үшжақты кездесуде Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу мәселесі талқыланатынын айтты. Ол бұл тақырыпты Владимир Путинмен бұған дейін де талқылағанын атап өтті.
- Келіссөзде Халықаралық қылмыстық соттың қызметі де сөз болмақ. Трамптың пікірінше, сот өз құзыретінің шегінен шығып отыр.
- Трамп үшжақты кездесу нақты нәтиже береді деген үмітін білдірді.
- Ол тараптарды ядролық қарудың таралуына жол бермеу үшін күш біріктіруге шақырды.
- АҚШ президенті Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермейтінін мәлімдеді.
- Оның айтуынша, ядролық қаруға ие болған елдер үшін кейін одан бас тарту қиын.
- Трамп Ресей мен Қытай басшыларымен кездесуді өзі үшін мәртебе санайтынын айтты.
- "Бұрынғы басшылар пікірі өздерімен сәйкес келмейтін елдермен сөйлесуден жиі қашқақтайтын. Біз басқа бағытты таңдадық. Бұл тарихи саммит бізге жаңа мүмкіндіктер табуға жол ашады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бәрімізге жақсы болашақ құра аламыз деп үміттенемін".
Үш елдің басшылары кіріспе сөздерін аяқтаған соң, кездесудің ашық бөлігі тәмамдалып, келіссөз жабық есік жағдайында жалғасты.
Үшжақты кездесу бір жарым сағатқа созылды. Келіссөзден кейін үш елдің басшылары баспасөз өкілдеріне сұхбат берген жоқ.
2026 жылғы 10–11 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина өкілдері арасында жабық форматта үшжақты келіссөз өткен еді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:52, 19 қараша 2026
Елена Рыбакина 2026 жылды WTA турындағы ойынын ең көп табыс тапқан теннисші ретінде аяқтады
-
16:50, 19 қараша 2026
19 қарашадағы саудада доллар бағамы 4,5 теңгеге жуық өсті
-
16:42, 19 қараша 2026
Михаил Шайдоров бапкері Алексей Урмановпен жұмысын тоқтатты
-
16:30, 19 қараша 2026
Астанада тұман түсіп, Алматыда күн +16 °C-қа дейін жылынады – 20–22 қарашаға арналған ауа райы болжамы
-
16:24, 19 қараша 2026
Мексикада Димаштың концерті аншлагпен өтті





