Тоқаев: Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі

13:12, 21 наурыз 2025

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

Мемлекет басшысы Наурыз мейрамының тазалық, еңбекқорлық құндылықтарын дәріптейтін тәрбиелік мәніне тоқталды.

"Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде "Таза Қазақстан" акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық іске барша жұртымыз, әсіресе, жастар белсенді атсалысуда. Осылайша қоғамымызда жаңа экологиялық мәдениет пен болмыс қалыптасып келеді. Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Қазір ауыл шаруашылығында қарқынды жұмыс басталды. Біз осы жылды "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жарияладық. Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет", – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты.


"Биыл Конституциямызға және Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Көп ұзамай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 40 жылдық мерейлі белесіне жетеміз. Қазақстан осы уақытта озық, өркениетті, қуатты мемлекет болуы керек. Мен Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы жиынында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз елімізді жаңа жаһандық жағдайға бейімдеуіміз қажет. Мемлекетіміздің бағдары да, басымдығы да – айқын. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік тасымалы және энергетика, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ адам капиталы – осының бәрі еліміздің негізгі даму бағыттары. Қазақстан осы салалар бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті ел болмақ. Бұған біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. Біз "Заң мен тәртіп" қағидасы берік орныққан, әділетті, қауіпсіз, таза, мәдениетті және дамыған Қазақстанды міндетті түрде бірге құрамыз! Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық, дамытайық, көркейтейік!",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Артынша Мемлекет басшысы жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!