Тоқаев түркі халықтарының тарихи мұрасын сақтау жоспарларын жариялады
© Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде түркі әлемінің тарихи мұрасын сақтау және насихаттау бағытындағы Қазақстанның жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, түркі елдері арасындағы көпжақты ынтымақтастық аясында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше мән беріледі.
"Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерттеуге, сақтауға және кеңінен насихаттауға айрықша көңіл бөледі. Биыл Түркістанда өткен кездесуде Түркі өркениеті орталығын және Дала өркениетін дәріптеуге арналған "Мәңгілік ел" орталығын құруды ұсындым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түркі өркениетінің мұрасын сақтау туралы конвенцияны қабылдауды жеделдету қажет деп санаймыз. Сонымен қатар елімізде "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін" атты жеті томдық іргелі еңбек әзірленіп жатыр. Бұл жұмысқа белсенді атсалысып жүрген түркі елдерінің ғылыми қауымдастығы өкілдеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Аталған академиялық еңбек тарихи оқиғаларды ғылыми тұрғыдан жан-жақты, объективті әрі бейтарап зерделеуге мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жұмыс істейтін құрылымдардың қызметіне де жоғары баға берді.
Оның айтуынша, Түркі академиясының бастамасымен ортақ тарихи және мәдени ескерткіштерге арналған бірқатар еңбек жарық көрген. Олардың қатарында "Түркі әлемінің киелі географиясы" атты үш томдық басылым және "Көне түркі жазба ескерткіштері" атты бес томдық каталог бар. Бұдан бөлек, "Қазіргі түркі тілдерінің сөздігі" атты 25 томдық еңбек жарық көрді.
Сондай-ақ Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры Turkic Heritage халықаралық цифрлық платформасын әзірлеген. Бұл электронды ресурс түркі әлемінің тарихын, әдебиеті мен мәдени дәстүрлерін тереңірек зерттеуге бағытталған.
Президент ортақ тарихымызда Алтайдың орны ерекше екенін атап өтті. Биыл Қазақстанда "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өткенін еске салды.
Бұдан бөлек, ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан қаласы 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанады.
Осыған орай Қазақстанда түркі өркениетінің рухани бірлігі мен сабақтастығын сақтауға бағытталған ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, әдебиет пен тіл мәселелеріне арналған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық форум ұйымдастырылады. Сонымен қатар түркі және ислам әлемінің музей саласы мамандарының кездесуі өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қауымдастық өкілдерін осы іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:25, 30 қазан 2026
Астанада түнде -3 градусқа дейін аяз болады: Алматы мен Шымкентте күн райы қандай
-
15:18, 30 қазан 2026
Алматыда дәрігерге жазылу мәселесі шешіледі: министрлік талап қойды
-
15:03, 30 қазан 2026
Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр
-
14:41, 30 қазан 2026
Қазақстан түркі елдерімен жасанды интеллект саласындағы тәжірибесін бөлісуге дайын – Тоқаев
-
14:38, 30 қазан 2026
Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одаққа айналмауы керек





