Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан Қазақстанда қандай тауарлар қымбаттайды

16:33, 18 наурыз 2026

© Сурет: unsplash

Маңызды аймақтағы әскери қақтығыстың әлем бойынша әсері баршылық. Мәселен, Таяу Шығыстағы ахуал Қазақстан үшін қалай әсер етуі мүмкін, толығырақ Zakon.kz ақпаратында.

Бағалар бірден емес, уақыт өте өседі

Бұл жағдайдың басты ерекшелігі – баға бірден емес, 3–6 айдан кейін өседі. Алғашқы апталарда бұрынғы келісімшарттар күшінде болады, жеткізілімдер бұрынғы шарттармен жүреді, сондықтан бизнес бағаны бірден өзгертпейді.

Бірақ келісімдер жаңарған сайын жаңа шығындар қосылады – қымбат логистика, шикізат пен энергия. Сол кезде ғана тұтынушы бағаның өскенін нақты сезе бастайды.

Дегенмен, авиация саласы бірден өзгеріске ұшырайды. Әуе билеттері маршруттардың ұзақтығына, жанармай шығынына байланысты бірден қымбаттайды.

Негізгі көрсеткіш – теңіз тасымалының бағасы. Bloomberg дерегінше, Сингапурда кеме отынының бағасы бірнеше апта ішінде екі есе өскен: қаңтардағы 450–500 доллардан қазір 1000 доллардан асып кеткен.

Нәтижесінде, тауар тасымалдау қымбаттайды, ал бұл – бүкіл әлемдік саудадағы негізгі шығындардың бірі.

Алюминий, мұнай-химия және тыңайтқыштар

Негізгі тәуекел нүктесі – Ормуз бұғазы. Бұл жер арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған газдың шамамен 20%-ы, сондай-ақ көптеген теңіз жүктері өтеді.

Мұнда тек энергия саласы ғана емес, контейнер тасымалы, құрғақ жүк және химиялық өнімдер жеткізілімі де қиындыққа тап болуда.

Аймақ өнеркәсіпте де маңызды рөл атқарады: жылына 5,5–6,5 млн тонна алюминий өндіріледі (әлемдік көлемнің 8–10%-ы). Бұл алюминийдің басым бөлігі теңіз арқылы экспортталады.

Сонымен қатар, аймақ жылына 80–100 млрд доллар көлемінде мұнай-химия өнімдерін жеткізеді: полиэтилен (қаптама, құбыр), полипропилен (тоқыма, автокөлік бөлшектері), метанол және басқа материалдар.

Ең маңыздысы – тыңайтқыштар. Бұл сала газға тәуелді, ал газ оның өзіндік құнының 70%-ына дейін жетеді. Ормуз бұғазы арқылы азот тыңайтқыштарының 30–40%-ы өтеді. Соңғы деректерге сай, тыңайтқыш бағасы қазірдің өзінде шамамен 40%-ға өскен. Егер дағдарыс ұзаққа созылса, баға одан да қатты көтерілуі мүмкін.

Өндірісте де қиындықтар бар: кей зауыттар тоқтап жатыр, кей елдерде өндіріс қысқарған. Нәтижесінде, әлемде тыңайтқыш тапшылығы пайда болуда.

Бұл ретте, әлемдегі азық-түліктің шамамен 50%-ы тыңайтқышқа тәуелді. Сондықтан бірнеше айдан кейін бұл азық-түлік бағасының өсуіне әкеледі.

Гелий мен полимерлер

Аймақ гелийдің де ірі жеткізушісі – әлемдік нарықтың шамамен үштен бірі. Сонымен қатар, этиленгликоль, күкірт, полипропилен, метанол сияқты материалдардың үлкен бөлігі осы жерден келеді. Аталмыш материалдар электроникада, қаптамада, киімде, құрылыс пен өндірісте қолданылады. Сондықтан олардың қымбаттауы көптеген тауар бағасына әсер етеді.

Қазақстанға "сырттан келген" инфляция келеді

Бұл жаһандық өзгерістер Қазақстандағы бағаға тікелей әсер етеді. Себебі ел экономикасы импортқа тәуелді.

Негізгі фактор – Қытай. Қазақстанға келетін тауарлардың басым бөлігі осы елден келеді. Ал Қытай өндірісі мұнай импортына тәуелді. Энергия қымбаттаса, Қытайда өндіріс шығыны өседі, соның нәтижесінде Қазақстанға келетін тауарлар да қымбаттайды. Яғни инфляция сырттан "әкелінеді".

Екінші әсер – пайыздық мөлшерлемелер. Инфляция өскен сайын несие қымбаттайды, бұл бизнеске де, халыққа да ауыртпалық түсіреді.

Қазақстанда қандай тауарлар қымбаттайды

  1. Біріншіден – азық-түлік: тыңайтқыш пен жанармай қымбаттағандықтан, ауыл шаруашылығы шығындары өседі. Бұл нан, ұн, көкөніс, жарма, ет және сүт өнімдерінің бағасына әсер етеді.
  2. Екіншіден – импорттық тауарлар: тұрмыстық техника, электроника, киім және күнделікті тұтынатын тауарлар қымбаттайды.
  3. Үшіншіден – қаптама: полиэтилен мен полипропилен бағасының өсуі барлық дерлік тауар бағасына әсер етеді.

Сонымен қатар, құрылыс материалдары мен жөндеу жұмыстары да қымбаттайды (алюминий мен химиялық өнімдерге байланысты). Электроника бағасы да өседі – материалдар мен логистика қымбаттағандықтан.

Ең бастысы – жағдай тұрақтанса да, бағаның өсуі бірден тоқтамайды. Себебі жаңа шығындар қазірдің өзінде жеткізу тізбектеріне енгізіліп қойған. Яғни негізгі қымбатшылық әлі алда.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!