Шерзат Полаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

14:10, 12 желтоқсан 2024

© Фото: Zakon.kz

Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 12 желтоқсанда Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство 10 желтоқсанда Нұрымовтың бұзақылық және көлік қозғалысына кедергі келтірді деген айыппен ұсталғанын еске салды.


"Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне әдепсіз сөздер айтып, пышақпен қорқытқан, бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірген, атап айтқанда, көлікті пышақпен тырнап, дөңгелегін тескен. Жасаған істеріне тоқталмай, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, айналасындағыларға, соның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндірген. Бұзақылық жасағаны үшін сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы үкім шығарды", — деді полиция.

Тәртіп сақшылары бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.

"10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылында орын алған заңсыз әрекеттердің салдарынан автокөлік иесіне әкімшілік жауапкершілік шегінен асып түсетін және қылмыстық саралауға әкеп соғатын материалдық залал келтірілгені анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты, толық және объективті тергеу жүріп жатыр", — деп түсіндірді облыстық полиция департаменті.

Ведомство полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың барлық фактілерін кім жасағанына қарамастан объективті түрде тексеруге міндетті екенін атап өтеді.

2024 жылдың 4 қазанында Талғарда жаппай төбелес болып, оның барысында 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан қайтыс болды. Қоғамдық резонанс тудырған жасөспірімді өлтіру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша тергеу жүріп жатыр, 11 күдікті қамауға алынды. Ішкі істер министрлігі 11 желтоқсанда бұл іске қатысты тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын хабарлады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!