Саяси партия құру кезінде азаматтар тізіміне қойылатын талаптар өзгерді

14:49, 23 маусым 2026

© Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Әділет министрінің 2026 жылғы 17 маусымдағы бұйрығымен саяси партия құру жөніндегі азаматтардың бастамашыл тобының және саяси партия мүшелерінің тізімдерінің дұрыстығын тексеру қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидаға сәйкес, тізімге енгізілген адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары және 18 жасқа толған болуы тиіс.

Шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың саяси партияға мүше болуына, сондай-ақ ұжымдық мүшелікке жол берілмейді.

Қазақстан азаматы тек бір ғана саяси партияның мүшесі бола алады.

Саяси партияға мүшелік ерікті, жеке және тіркелген негізде жүзеге асырылады. Партияға қабылдау азаматтың жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.

Президент өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде ешбір саяси партияның мүшесі болмауы тиіс.

Сондай-ақ вице-президент, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер саяси партия мүшесі бола алмайды, сондай-ақ қандай да бір партияны немесе қоғамдық-саяси қозғалысты қолдап не сынап пікір білдіруге құқылы емес.

Аталған тұлғалар (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілерді қоспағанда) қызметке тағайындалған, сайланған немесе жұмысқа қабылданған күннен бастап он күн ішінде саяси партия құрамынан шығуға міндетті.

Саяси партия құруға бастамашылық жасайтын азаматтар тізімінде кемінде 700 адам болуы керек. Олар Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың кемінде үштен екі бөлігінің атынан қатысуы тиіс.

Ал саяси партия мүшелерінің жалпы саны кемінде 5 мың адам болуы қажет. Сонымен қатар партияның Астанада, барлық облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) болуы керек. Әрбір өңірлік бөлімшеде кемінде 200 партия мүшесі болуы тиіс.

Ұсынылған тізімдер белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда тіркеуші орган Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша саяси партияны мемлекеттік тіркеуден немесе қайта тіркеуден бас тартады.

Бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!