Рахат-би Әбдісағынның Швейцариядағы концерті аншлагпен өтті

22:36, 29 сәуір 2024

© Сурет: mir24.tv

Әлемдік деңгейдегі музыка жұлдызы, отандасымыз Рахат-би Әбдісағынның Швейцариядағы концерті аншлагпен өтті. 300 адамға арналған залда ине шаншар орын болмады. Отандасымыз жиналған жұртқа 1,5 сағат бойы классикалық музыканың жауһарларын тарту етті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тума талантымыздың таулы өлке көрермендері алдындағы алғашқы шығармашылық кеші. Жас шебердің орындауындағы туындылар женевалық жұртты тебірендіріп, ерекше әсерге бөледі. Тыңдармандар Рахат-бидің концертінен эстетикалық рақат алғандарын айтады. Орындалған классикалық музыка арасында 300 жыл бұрын жазылған батыс еуропалық шығармалардан бастап, ХХ ғасырда өмір сүрген атақты композиторлардың еңбектері бар. Сондай-ақ кеш барысында отандасымыздың тың туындылары орындалды, деп хабарлайды 24kz.

Сауалнама:

  • Музыка көңілімізден шықты. Өте әсерлі десек, артық айтқан емес. Осындай кешті келіп тамашалағаныма өте қуаныштымын.
  • Керемет кеш үшін көп рақмет. Рахат-бидің шығармашылығы қатты ұнады. Оның сазгерлігіне тәнті болдым.
  • Ғажап. Шығармашылық кеш өте әдемі өтті. Рахат-биді ерекше талантты пианист дер едім. Оған алғысым шексіз.
  • Алар асулары әлі де алда деп ойлаймын. Бүгін орындаған операсы құлаққа өте жағымды. Жүректен шыққан туынды екенін бірден байқалады. Көрермендерге дәл осыны көрсеткісі келгендей.

Бұл талантты жерлесіміздің еуропадағы алғашқы кеші емес. Бұған дейін Рахат-Би Ұлыбританияның 4 қаласында концерт өткізіп, тыңдармандарды тәнті еткен болатын. Жалпы оның музыкасы тек кәрі құрлықта емес, Азия және Американың әйгілі концерт залдарында да жиі орындалады. Тынымсыз еңбегі мен жан-жақты ізденісінің арқасында отандасымыздың есімі бүгінде әлемдегі ең мықты музыканттармен бірге аталады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!