Путиннің ең көп барған шетелі Қазақстан. 28 рет келіпті

11:27, 26 ақпан 2021

© Сурет: kremlin.ru

Қ.Тоқаев С.Жапаровты құттықтап, Қазақстанға шақырған. Жапаров қабыл алып, шетелге алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтын болған. Одан кейін өзі Тоқаевқа звондап, сапарын тағы пысықтаған. Сөйткен Жапаров кеше алғашқы сапар статусымен Мәскеуге кетіп қапты, деп жазды желіде Асылхан Мамашұлы.

Путин Тоқаевыңды қоя тұр, маған кел деді ме, әлде басқа себебі бар ма, білмедім. Қалай болғанда ыңғайсыз жағдай. Біздің екі кәрия ренжіп қалса шекара жабамын деп жүгіретіні бар. Тоқаев та уақытша президент кезінде шетелге алғашқы сапарын Ресейден бастаған. Алайда қайта сайланған соң бірінші сапарын Қырғызстанға арнаған еді. Дәл осы кезде Бішкекке ШОС басшылары келетін болған. Тоқаев бір оқпен екі қоян алған.

Мирзияев шетелге алғашқы сапарын Түркіменстаннан бастады, сосын Қазақстандағы кәрі қасқырдың қолын ала салу керек болды. Сосын Мәскеуге барды. Ал Бердімұхамедов алғашқы сапарында Сауд Арабиясына кетіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Сосын ғана Қазақстан мен Мәскеуге келді.

Сайланған президенттің алғашқы ресми сапары маңызды дипломатиялық қадам. Барған еліне ықыласын, құрметін, маңызын, кімді стратегиялық серіктес, одақтас санайтынын білдіреді. 2000 жылы Путин президент болғанда алғашқы сапарын сателлиттерінен бастаған. Қызық болғанда Қазақстан үстінен ұшып өтіп, екі қызын ертіп Ташкентке барып екі күн жатты. Мұнысы Ельциннің тілін тапқан НӘН-ге қатты тиді. Одан кейін де Қазақстанға келе қоймаған соң Назарбаев өзі барып, қол беріп қайтқан. Өйтіп-бүйтіп, беретінін беріп, тіл табысты ақыры. Путиннің ең көп барған шетелі Қазақстан екен. 28 рет келіпті. Көбі ресми сапар емес, түрлі жиын-пиын, саммит-мамбиттер. Беларуссияға 24 рет, одан кейін Украинаға 21 рет барған. Қалған елдерге әлдеқайда аз.

- Орталық Азия республикалары сөз жүзінде ағайын-бауырмыз, ақ-көк дессе де, іс жүзінде бірін бірі мойындамайды. Әйтпесе шетелге алғашқы сапарларын бір-біріне арнар еді. Бармақ түгілі жыл сайынғы жолдауларында көршілес туыс елдермен қатынасының маңызын ерін ұшымен жалпылама атай салады, делінген жазбада.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!