Прокуратура депутаттарға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи технологияларын таныстырды

14:12, 7 қараша 2026
MKZ: 1576474

© Фото: zakon.kz

Қазақстан Республикасы Құрылтайының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің, сондай-ақ Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің депутаттары Бас прокуратураға барды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас Прокурор Берік Асылов депутаттармен кездесу өткізіп, прокуратураның цифрлық трансформациясының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Депутаттар Бас прокуратураның Азаматтарды қабылдау орталығы мен Жағдайлық орталығын аралап, "Цифрлық қадағалау" ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерімен танысты.Одан кейін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің Үнзила Шапақ төрағалық еткен, Бас Прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет пен Құқық қорғау органдары академиясы басшылығының қатысуымен өткен көшпелі отырысында депутаттарға прокурорлық қызметте қолданылатын цифрлық шешімдер таныстырылды.

Атап айтқанда, 7 жаңа зияткерлік IT-құрал ұсынылды: сыртқы криминалдық қатерлерді мониторингтеу жүйесі, қоғамдық қауіпсіздікке төнетін ішкі қатерлерді мониторингтеу жүйесі, "е-Өтініш" ақпараттық жүйесінің деректері негізінде тәуекелдерді анықтаудың аналитикалық моделі, қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерінің тізілімі, қылмыстық қатерлерді болжау жүйесі, телефон және интернет-алаяқтықты мониторингтеудің бірыңғай аналитикалық платформасы, сондай-ақ қылмыстылықты талдауға арналған ЖИ-агент.

Отырыста Бас прокуратураның болжамды-талдамалық қызметін дамытуға ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында қылмыстық қатерлер мен тәуекелдерді алдын ала анықтау және олардың алдын алу шараларын әзірлеу үшін үлкен деректерді, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтерін және сыртқы дереккөздерді пайдалану жұмыстары жүргізілуде.

Кездесу мен отырыстың қорытындысы бойынша прокуратураның цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамыту, прокурорлық қызметтің тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында аналитикалық құралдар мен жасанды интеллектіні қолдануды кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді. Бұл жұмыстар "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!