Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды

© Сурет: akorda.kz
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде түрме жүйесін реформалау туралы сөз қозғап, алдағы рақымшылық туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің сөзінше, қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет.
"Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңғырды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі. Себебі Ата заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, бұл – ең қымбат қазына." Президент
Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді.
"Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі." Қасым-Жомарт Тоқаев
Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет.
"Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат". "Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені, әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн." Президент
Сондықтан осы бағытта нақты нәтиже болу үшін қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек, – деп қадап айтты Президент.
"Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер "қамау мерзімін қысқартуға" мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет." Мемлекет басшысы
Жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни, жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек. Осы орайда біздің кәсіпкерлеріміз жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруы керек деп ойлаймын. Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады.
"Жалпы, бизнес өкілдері қылмыстық-атқару жүйесімен жан-жақты ықпалдастық орнату жолдарын мұқият саралағаны жөн. Мысалы, еліміздегі компанияның бірі өз қаржысын жұмсап, Алматыда кәмелет жасына толмаған құқық бұзушыларға арналған заманауи тәрбиелеу мекемесін салып жатыр. Үкімет мұндай тәсілді белсенді түрде қолдануы керек, басқа компанияларды осындай серіктестікке тарту қажет", – деді мемлекет басшысы.
Біз қазір қылмыстық жаза саясатын мейлінше ізгілендіруге, жетілдіруге баса мән береміз, яғни бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі.
"Бұл пробация қызметіне анағұрлым көп салмақ түседі деген сөз. Сондықтан аймақ әкімдері осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруы керек. Сондай-ақ пробациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алу қажет. Пробациялық бақылауды тиімді жүргізуге септігін тигізетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізген жөн." Президент
Жалпы, біз кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау деген түсініктен арылу қажет.
Қателік жасап, қамауға түскен адамды жаншып, басып тастауға тырысу – дұрыс емес, біз ондай адамның тура жолға түсіп, түзеліп кетуіне қол ұшын беруіміз керек. Бәріміз бір ел болып өркениетті, озық және әділетті қоғам құрып жатырмыз. Заң да, сот та – әділ болуға міндетті. Бұл – мызғымас қағида",- деді мемлекет басшысы.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
22:55, 14 шілде 2025
Павлодар облысында жолаушылар тасымалы құны 20 пайызға қымбаттайды
-
22:26, 14 шілде 2025
Трамп бірқатар маңызды саяси мәлімдеме жасады
-
21:59, 14 шілде 2025
20-дан аса адам зардап шекті: Алматыда жантүршігерлік жаппай жол апаты болды
-
21:45, 14 шілде 2025
Алматыда екіқабатты үй өртенді
-
21:38, 14 шілде 2025
«Аптап ыстық, бұршақ, тұман». Сейсенбіде еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды