Петропавлдағы өндірістік ғимараттағы өрт тұрғындарды шошытты

09:55, 21 ақпан 2026

© Фото: zakon.kz

Петропавл қаласында өндірістік ғимаратта шыққан өрттің себептері анықталып жатыр. Тілсіз жаудың одан әрі таралу қаупі болғаны хабарланды.

Өрт күнбағыс майы өндірілетін цехта тұтанған. Жалын ғимараттың ішінен шығып, шатырға өткен және көрші нысандарға қауіп төндірген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оқиға орнына құтқарушылар жедел жетті. Өртті сөндіруге арнайы өрт сөндіру роботы тартылды. Бұл құрылғы сөндіру жұмыстарының тиімділігін арттырып, жеке құрам үшін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік берді.

Жалын жалпы аумағы 2000 шаршы метр ғимаратты толық шарпуы мүмкін еді. Алайда өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында 150 шаршы метр аумақтағы өрт оқшауланып, толық сөндірілді. Өрттің таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның нақты себебін мамандар анықтайды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!